Сенбі, 04.05.2024, 00:21
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Тамыз » 3 » Судың сұрауы бар. Қазақтың ше?
11:15
Судың сұрауы бар. Қазақтың ше?


Судың сұрауы бар. Қазақтың ше?

Соңғы  кезде әлемде бір  жұтым  су  тапшы  болуға  айналды. Жер  шары қаталау  үстінде. Кезінде АҚШ-тың бір  президенті «мұнайдан  саясат  иісі аңқиды»  деп айтқаны  бар. Шындығы сол бүгінге  дейін болған  һәм  ертеңгі  соғыстың  өзегінде сол көмірсутегі  шикізатына  байланысты  тартыс  жатуы  мүмкін.  Бірақ,  одан  арғы  күні мемлекетаралық  жанжалдардың   басты себепкері   су  мәселесі  болмақ.

Нақты  деректерге  сүйеніп  сөйлер  болсақ, жұмыр жердің 70 пайызын су басып жатыр. Соған қарамастан әлем халқының 70 пайызы қазірдің өзінде суға зәру. Бұл жағдай 2025 жылға қарай ушығып, адамзаттың 80 пайызы бір жұтым судың зардабын тартпақшы. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс дәл осы судан шығуы да мүмкін. Жалпы, адамның немесе жанауарлар денесінің 2/3-і, ал бәз бір өсімдіктердің 4/5-і судан тұрады. Осыны есепке алсақ, суға байланысты жанжал жыл өткен сайын өрістейтіні ащы шындық. Қысқасы алдағы 10-20 жылда су мәселесі ғаламда ек басты проблемаға айналары хақ. Мәселен  осы  су  мәселесін  зерттеп  жүрген АҚШ   профессоры Аароном Вольфом «Әлемнің 45,3  пайызында  өмір  сүріп  жатқан 145  мемлекет 263 трансшекаралық өзендерді  пайдаланады. Қазір  осы  мемлекеттер арасында   су  дауы  қатты  көтерілуде.  Мұның  арты   үлкен қақтығыстарға алып келуі  әбден мүмкін»  деді.

«Соңғы  кезде   әлемде су  тапшылығы  қатты білінуде. Ашық  соғысқа алып  келмесе де, текетірес  ошақтары пайда  бола  бастады. Әсіресе  бұл  мәселе  Африка  елдерінде  қатты ушығып  тұр. Мәселен, Африка, Эфиопия, Гана, Мали, Танзания, Перу, Үндістан, Израиль, Палестина т.б. Бұл  елдерде  «суды  басып  алу»  мәселесі  өткір қойылып  жатыр.  Мәселен, соңғы  20 жылда  Түркия  Тигр  мен Ефрат  өзендеріне 22  бөгет және 17  ГЭС  салуға  кірісті. Осылайша  қос  өзеннің  төменгі  ағысында жатқан Сирия  мен Иракты қаталатуға  көшті. Ал  бүгін  үнсіз  отырғанымен  ертең  ыңыршағы шығып «шөлдеген» ирактықтар мен сириялықтар  түріктерге қарсы  шабуы  әбден  мүмкін. Су мәселесі  Орта  Азияда  да қатты  сезілуде.  Соның  ішінде Әмудария  мен Сырдарияны  қатар еміп  жатқан  Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан,  Қазақстан,  Түркіменстан  арасында  да  текетірес бар»  деп  жазады «Water initiatives» журналы.  

Шынында да, Тәжікстан   «Рогун», ал  Қырғыз  елі  «Қамбар ата-2»  ГЭС-ін салып  бітіріп, суды  жауып тастайтын  болса,  нағыз  дау  сонда  болмақ. Сарапшылар  болашақта Орталық Азияда су ресурстары мемлекетаралық қақтығыстарға себепші болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Қазірдің өзінде  өзбектер  тәжіктердің «Рогунды»,  қырғыздардың «Қамбар  ата-2»  ГЭС-ін  салуға   түрлі  экономикалық  қысымдар жасай  бастады. Ол  бара-бара  саяи-әскери  қысым жасауға  дейін  жетуі  мүмкін.  Мұның  арты қызыл кеңірдек  болып айтысу  емес,  қырық  пышақ болып төбелесуге алып  келеді. Сондықтан  Орталық Азия халықтары  бір  бітімге  келе  отырып, даудың  тігісін  жатқызып  барып, құрылысты   бастаған жөн-ау.  

1960 жылы Орталық Азия елдерінде жан басына шаққанда суды пайдалану көлемі жылына әр адамға 8,4 мың литрден келген. Ал қазір бұл көрсеткіш 2,5 литрге төмендеп отыр. Саланы түбегейлі зерттеп жүрген мамандар алдағы 2020 жылы әр адам жылына 1,7 мың литр су пайдаланады деп болжауда. Осылайша, су мәселесі өңірде жылдан-жылға ушығып барады. Егер Орталық Азияны мекен ететін мемлекеттер трансшекаралық өзендерді оң бағытта пайдаланбаса, даудың соңы қарулы қақтығысқа ұласуы да әбден мүмкін. Қазір  мамандар басын  Орал тауынан (Ресейден)  алатын  Орал  өзені (біздіңше  Жайық) су  көлемі  күрт  азайып  бара жатқаны  туралы  дабыл  қағуда. Өзеннің  басында  отырған  Ресейге  осы  мәселе  бойынша  сұрау  салынуда. Бұдан  қала  берді қырғыздар  әлсін-әлсін  қоқаңдап,  Қазақстанның  оңтүстік  өңіріне  келетін  өзен-тоғандарды   жолдан байлап алып, судан  қаға  бастады. Мұның  арты да  түбі  ушыға  келе үлкен  бір  қанды  қақтығысқа  алып  келуі  әбден  мүмкін. Сондай-ақ,  басын  Қытайдан  алатын Қара Ертіс  пен Іле  өзеніне  байланысты аждаһа  елімен келіссөздердің нүктесі әлі  қойылған  жоқ. Мұнда  да  үлкен  бір  даудың  құлағы  қылтиып  тұр. 

Деректерге жүгінетін болсақ, елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Бір қарағанда су қоры мол секілді көрінгенімен, шынтуайтында бұл аз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген зерттеулерде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Неге? Оның себебі көп. Бұл жөнінде саясаттанушы Досым Сәтпаев мынадай деректі алға тартады. «Таяуда Қытай елі алдағы 50-60 жылдың ішінде су ресурстарына шөліркеген солтүстікке оңтүстік өзендерін бұру үшін 77 млрд доллар бөледі деген хабар тарады. 2012 жылы ғана біздің көршіміз бұл мақсатқа 10 млрд доллар жұмсады. Осының бәрі Қытайдағы су қоры жылдан-жылға ушығып келе жатқанын білдірсе керек. Ал бұл бірнеше жылдар бойы трансшекаралық өзендер мәселесі бойынша Қытаймен келіссөз жүргізіп жатқан Қазақстан үшін де өзекті. Су мамандарының айтуына қарағанда, Қытай жағы Қара Ертістен су алуды азайтпайтын болса, осылайша жасай берсе, 2050 жылға біздің көршіміз бүкіл өзеннің суін тауысады, Ертістің Қазақстан өңіріндегі арнасы ақаңсып қалады. Бұл жағдайда Шығыс Қазақстанның индустриялық әлеуеті әдірам қалады деген сөз.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қазірдің өзінде республика өзендеріндегі су қоры жедел кему үстінде. Қазақстандағы өзендердің жылдық көлемі 105,5 текше/шақырым. Оның ішінде көрші елдерден келетін судың мөлшері 44 т/ш. Оның ішінде Ресейден – 7,4 т/ш, Өзбекстаннан – 13,7, Қырғызстаннан – 3, Қытайдан – 19,9 т/ш су келеді. Саясаттанушы осылай дейді. Демек, еліміз су жағынан көршілерге тәуелді.

Ал өткен жылы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітеді деген болжам айтқан еді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан Қазақстанның ауа температурасы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға ендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. «Ауа температурасының көтерілуі жем-шөп қорының 30-90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25-60%-ға, Солтүстүк Қазақстан облысында 70-90%-ға кемуіне әсер етеді».

Қарап отырсаңыз, алдағы уақытта еліміз шөліркей бастамақ. Демек су тартылған жерде, қарқынды даму да жоқ. Ал оның алдын алуға бола ма? Қазақстанның су теңгеріміне келетін болсақ, еліміздегі негізгі өзендердің сегіз бассейннің жетеуі тарансшекаралық болып табылады. Мәселен, суы мол Ертіс және Іле өзендерінің бастауын Қытайдан алады.

Қазақстанның оңтүстік – шығыс және орталық аумақтары үшін осы екі ірі өзен негізгі су көзі болып табылады. Осы екі өзен суының деңгейінің және сапасының төмендеуі ауыл шаруашылығы, гидроэнергетика, өнеркәсіп және экология салаларына әсер етері хақ. Құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде үшінші орын алатын Балқаш көліне жылына 23,81 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйылады, оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Ал Қара Ертіс арқылы Қазақстанға жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды Қазір Ертіс пен Іленің суын өз мүддесіне жарату үшін Қытай жағы суға тоспа қойып, оны басқа жаққа бұру жобасын іске асыруда. СУАР жағы Қарамай қаласына Ертістен тартылып жатқан каналға су ала бастаса, елімізге келетін су мөлшері тағы да 20 пайызға азаяды. Іленің бойында ГЭС салынып жатыр. Сондай-ақ, кейбір дерек көздері Іленің бастау алатын негізгі сағасын ішкі Шыңжаңға туннель арқылы бұрғалы жатыр деседі. Егер де Іле суы тартылып қалатын болса, Балқаш көлі төрт бөлікке бөлініп кетпек. Онда екінші Арал қасіреті орнайды. Демек алдағы уақытта Қазақстандағы су проблемасы одан әрі асқына түседі.

Мамандардың айтуынша, трансшекаралық өзендер бойынша Ресеймен ғана жасалған келісімдер жұмыс істеп, бұл мәселе реттелген. Ал Қытай және Орталық Азия елдерімен су мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келеді. Әсіресе Қытаймен трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану жөнінде мемлекеттік келіссөз жүргізілгенімен, олар өте баяу өтуде, тіпті әдейі созылып жатқандай әсер қалдырады. Егер де трансшекаралық өзендер мәселесі дұрыс шешілмесе, онда еліміздің басым бөлігі шөлді, шөлейтті аймақтарға айналары хақ. Бұл өз кезегінде қарқынды даму жолына түскен мемлекетіміздің аяғына салынар тұсау болмақ.

Серке.орг.

 

Айдана Ақылбай

Просмотров: 626 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
0  
1 Jakup   (03.08.2013 11:35) [Материал]
"Су аяғы құрдым"-дегендей, бізге қиын болмаса жарар еді

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Тамыз 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика