Жұма, 03.05.2024, 19:57
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Қараша » 17 » Сәкен БОЗАЕВ. Ұлағатты қағидалар
20:19
Сәкен БОЗАЕВ. Ұлағатты қағидалар

Кейде өзге емес, өзіңмен сырласуға тура келеді. «Не істеп, не бітірдім» , «қоғамқа , адамға не пайда келтірдім», «нені уайымдаймын, нені көксеймін» т.б. сансыз сұрақтар мазалайды. Содан осы тектес сауалдарға жауап іздейсің...

Сонау көне дәуірде «Бастапқы ілім» деген атпен жазылып қалдырылған қағидалар жиынтығын ғаламтордан оқығанбыз. Сол ілімде барша іс-әрекеті, үлгі-өнегесі арқылы өзгелерге пайдасын тигізетін адам - адамның жақсысы саналатыны айтылған.. Жақсының жақсылығы - ар-ұятқа байланысты. Ар-ұят пердесі түрілгеннен жаман нәрсе жоқ. Адал да, арлы адам ар-ұяттан айналып өтпейді. Адам екі нәрсеге ұқсайды. Біріншісі – ақыл иесі болғаны үшін ілім-білімге бейім. Екіншісі – нәпсі иесі болуы себепті пендешілікке бейім. Сондықтан ішіп-жеуге, басқа да құмарлықтарға бейім. Адамдар бойын нәпсі құмарлыққа билетпей, арам қарекеттерден сақтанып ,. орынсыз олақ-салақ іс-әрекеттен тиып, өзін де, өзгені де адамшылық шекарасынан шығармай, аброй аясында жүре алса жақсы. Жақсылық жасау адамның абройын асырып, мұратына жеткізеді. Басы бағалы, еңсесі биік азамат саналады.

Адамның абройы мен қадірі өлшемі - әділетті болуда деп жазылыпты... Әділет деген момындардың үлесін залымдардан алып беру үшін күресу . Сондықтан да әділеттіліктің сауабы мол болады. Өзін де, өзгелерді де сыйлау, құрметтей білетін адамның мәртебесі биік, жаны ізгі, кешірімшіл, кеңпейіл келеді. Ешкімге қиянат жасамау, адамдар сеніміне ие болу сондай жандардың бойынан табылады. Жақсылардың жанында, даналардың назарында жүруге ұмтылу, көкірегі көне болғанмен сөз қазынасының қазығы болар көргені мен білгені мол сөз иесімен сұбхаттас болу, ата-ана, ұстаз, туған-туыс алдындағы борышты өтеу - азаматтық пен адамшылық өлшемі. Қалтасы қалыңға бас шұлғи бермей, адамды адам ретінде ақыл мен біліктілігіне қарай бағалай білу парасаттылық.

Дәулет пен білім тең дарыған жандар сирек. Байлығы мен білімін өзі ғана пайдаланбай, ел-жұртымен, ағайын-туыс, алыс-жақындарымен бөліскені – тәңір ақысын өтеу болып табылады. Мал-дүние бітпесе де білім қонған адам – білімін жақсы істерге жұмсаса сауапқа ие. Қайырымсыздықтан жаман нәрсе жоқ. «Тамақ ішу үшін өмір сүрмей, өмір сүру үшін тамақ іш» дейтін қағида бар. Көпшілігіміз тамақ ішу үшін өмір сүретін сияқтанып жүрміз... Бұрынғылар дүние-мүлікке құрал ретінде қарайтын. Құдай ғана құдай еді. Құдайға ғана құлшылық ететін. Қазір ақшаға құлшылық етіп кеттік. Қалталыға «текті адам» деп қарайтын болдық. Абайша айтсақ, «бай болу, мансапты болу» тектілік емес. Қазақ ешқашан тектілікті байлықпен, билікпен бағаламаған, адал еңбекпен, адал ризықпен өлшеген. Шәкәрімнің:

                          «...Бай, ұлық, жуандарды бақты көрмек,

                           Ол мисыз шолақ оймен баға бермек.

                           Анық бақ деп айтарлық үш нәрсе бар,

                           Кірсіз ақыл, мінсіз сөз, адал еңбек», деп айтып кеткен.

Ал біз бақ пен бақытты дүниемен өлшейтіндей күйге түстік. Шеңберден шықпайтын үйкүшік мінезімізді ашық мойындасақ, анау бір кезде Қалтай ағамыз айтқандай «...жасыратын несі бар, ұялатын бет, қысылатын жеріміз қалған жоқ» дейтін кезге киліктік. Шаң шығарып, бір-бірімізді жатсынып жүргенде бетке ұстар идеал қайдан болсын. Қарын тойынды, көйлек бүтінделді, нарықтың тиегі ағытылып, есігі ашылды деп жүрміз. Әсіреқызыл талайым - пайым тірлік төрге озды. Ылым-жылым тірлігіміз жайдақсып, ертеңіміз күн жарықта шам жағып қойғандай бұлыңғыр. Аутизм дертіне шалдыққан сырқаттай, айналамызға сезімсіз, сенімсіз қарайтын дүние қуған тірлікке бой ұрдық.

Өткенді доп қылып, қанша мансұқтасақ та адамға деген оң көзқарас алаңсыз еңбек етуге мүмкіндік берілген кезеңдер болған. Ақ адал еңбегі мен білімін өз пайдасына жарата алған. Тарих доңғалағы күрт бұрылысы жағдайды өзгертті. Алағай да бұлағай кезеңде біреулер өлара жағдайға тап болып, аяғын апыл-тапыл басып, біреулер именіп, біреулер тасырлатып есікті теуіп кіріп жүр. Көкпар тартып, тақымға басқан алашапқын бәсеке. Біреулер кішкене жетістіктеріне мәз болып, малданып жүр. Біреулер сәтсіздіктің мехнатын көрсе, біреулер сарқылып, тартылып қалмай, өзгенің терезесіне телмірмей, өз көкжиегіне үңілумен жүр.

Құлсары қаласы.

«Шын-ақпарат»

Просмотров: 648 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
0  
1 Jakup   (19.11.2013 14:56) [Материал]
Тамаша жазылған.

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Қараша 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика