Жұма, 03.05.2024, 12:06
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Қараша » 4 » Сәдібек Түгел: "Қазақ жылқыларын құртудың астарында сұрқия саясат жатыр"
22:41
Сәдібек Түгел: "Қазақ жылқыларын құртудың астарында сұрқия саясат жатыр"

«Ежелден сәйгүлік баптаған елдің ұрпағымыз. Еліміз егемендік алғалы тұлпарлар тағдыры қазақы қаны бар азаматтардың қолына көшті. «Замана желімен жарысқан – Қазанат» журналы ұлттық спортты, соның ішінде, жылқы шаруашылығы мен ат спортының дамуына баса зер салады деп ойлаймын.»

Іске сәт жігіттер!

ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Ақорда. 28. 05. 2007 ж.

 

-       Сәке, ең алдымен «Іске сәт жігіттер!» – атты Елбасының тарихи Алғы сөзінің жазылу сырын айтып берсеңіз дұрыс болар еді? Өйткені, жер-жерде ел аза­маттары, атбегілер, шабандоздар, мамандар Елбасының осы маңызды ұсыныстарына ерекше мән беріп, күнделікті жұмыстарында басшылыққа алуда.

 

-        2006 жылы Түркияның Стамбул қаласына Кеңес Рақышев екеуміз жазған «ҚАЗАНАТ» кітабы үш тілде басылып жарыққа шықты. Басылым бірден оқырмандардың зор құрметіне бөленді. Атбегілердің қолынан түспейтін, іздеп оқитын шығармасына ай­налды. Сол кезде үлкен үйдегі тілектес ағалардан: « Жылқы шаруашылығы мен ат спорты үлкен тақырып. Тек ,кітап шығарумен тоқталмай, осы аттас журнал шығарыңдар»-деген ұсыныс түсті. Айтылды , болды, біз бірден «Қазанат» журналын шығаруға кірістік. 2007 жылдың 28 мамыры күні Ақордадан телефон шалын­ды. – Қайда жүрсіз, жаңа журналыңызға әдейі арна­лынып ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Алғы сөзі жазылды. Мемлекет басшысы мәтінді оқып , қолын қойды Соны тез келіп алып кетіңіз. Құстай ұшып Ақордаға жеттім. «Бұл жәй ғана қағаз емес, маңызды құжат, Елбасының сендерге берген МАНДАТЫ мен сенімі әрі жауапты тапсырмасы. Сенім биігінен көрініңдер!» – деп ағаларым мандатты қолыма ұстатты. Бұдан шығатын қорытынды мен осы салада ҚР тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тікелей тап­сырмасын орындап жүрген азаматтардың бірімін.

 

-       Сәке, жаңа «Ұлттық спорт» журналын ашуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бірден айтайын, ұлттық спорттың төңірегінде жүрген бауырлар дәл осындай басылымды бұрыннан то­сып жүр еді. Соны Сіз, дер кезінде дөп бастыңыз деп есептеймін. Өз тарапымнан маған осы басылымның жауапты редакторлығын сеніп тапсырғаныңыз үшін де көп рахмет айтамын. Осы орайда, дайындап әкелінген Сізге қояр біршама сұрақтарымнан сауалдарымнан бұрын келісіп алатын менің нақты шартым бар.

Ондағы ойым, Сізден ат спортына және жалпы ұлттық спортқа байланысты барынша мол әрі толық мағлұмат алу. Басы ашық мәселе Сіз, Сәдібек Түгел Ұлы Даланың зерттеушісі ретінде ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық ат спортының ыстығына күйіп, суығына тоңып, соның басы-қасында жүрсіз.

Сіз журналымыздың тұңғыш санындағы сұхбатыңызда ұлттық спорттың тари­хын, Ұлттық ат спорты Федерациясы мен Қауымдастықтың құрылуын, жеткен жетістіктерін, про­блемаларын, кешегісі мен бүгінгісін және ертеңін жіпке тізгендей айтып берсеңіз бүкіл журнал оқырмандары үшін де түсінікті болар еді. Сіз осы айтылған ұсыныстарым мен шартымды қабыл алсаңыз мен журналды жарыққа шығаруға  дайынмын.

-        Шарттарыңызды қабыл алдым. Сауалдарыңызды қоя беріңіз. Мен жауап беруге дайынмын.

 

-        Сәке, қазір бүкіл қазақ халқы, алаш жұрты Сізді ұлттық спорттың ұйымдастырушысы, насихатшысы, белсенді қайраткері ретінде тани­ды. Айтыңызшы, Сіз ұлттық спортпен қашаннан бері шұғылданып келесіз? Қаражаты мүлдем жоқ ұлттық спортты ұйымдастыру, басшылық жасау оңай шаруа емес екені белгілі. Сізді кім қолдайды және күш-қуатты қайдан аласыз?

 

-        Жалпы ұлттық құндылықтармен шұғылдануды маған Аллатағала маңдайыма жазған деп ойлаймын. Ұлы Дала ойындарымен бала жастан айналысып келемін. 7 жасымнан бастап бәйгеге қатыстым, бертін келе ат баптаумен, ұлттық ат ойын­дарын ұйымдастырумен белсене айналыстым.

Содан бері, жылқы шаруашылығы мен ат спортының бел ортасында жүрмін. Көптеген беделді халықаралық, республикалық, аймақтық жарыстардың ұйымдастырушысы болдым. Әкем Түгелге алғысым шексіз. Ең алғаш атқа мінгізіп, кейін тай, құнан жарыстарға қатыстырып, шыңдаған әкем болатын.

 Марқұм ерекше ат құмар жан еді. «Қазанат» сөзін 1961 жылы алты жасымда әкемнен   естідім. Әкем – белгілі жылқышы еді. Өзінің көрген білгенін, ойға түйгенін қалаған кірпіштей етіп, жүйелеп айтып оты­ратын көреген кісі еді.

ҚАЗАНАТ-ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

Ол кісі айтып отырушы еді:

– «Қазанатқа қазақтар қарыз. Өйткені, Қазанат – қазақтың қазынасы.Осынау ұланғайыр қазақтың жерін бабаларымыз қалай қорғады, қалай сақтап қалды? Бұл қасиетті жерді қазақ батыры құр шоқпарды сүйретіп, жаяу қорғаған жоқ қой. Тұлпарлардың, Қазанаттардың үстінде, үлкендігі есік пен төрдей азынаған айғырлардың және қазақ халқының қайсарлығы мен мықтылығының арқасында қорғады.

Қазанат – ердің қанаты. Яғни, азаматтың ары мен намысын қолдан бермейтін қазақтың Қазанаттары болған.». Бүгін тарихқа көз жүгіртсек, рас солай болған. Сондықтан да, мен қазанаттарды іздеуші, ұлттық құндылықтарды ұлықтаушының бірімін. Мен қазағымның қазанатын іздеп жүрген жанмын! Қазанат халқымыздың қанаты, қорғаны, айбыны болғаны рас. Қазанаты болғанда халық қор болмаған!

Әйгілі философ жазушы ағамыз Асқар Сүлейменов: «Осы басқа халық қайтадан жаралсын, мейлі маймыл­дан болсын, шатағым жоқ. Дәл біздің қазақ жылқыдан, тұлпардан туған!» – деп айтқан екен.

Жазушы сөзінің жаны бар. Қазақ – жылқы мінезді, рухы биік, Ер халық! Қазанат – қазақтың сахарасы. Ұлы даласының екінші есімі. Осыншама кең даланы меңгеру үшін, осыншама кеңістікті қаусыру үшін тек қазанаттың ғана жалы мен белі, тұяғының желі керек болды. Бұл сөзіме тарих – куә.

Небір ақиық ақындарымыз қазанаттарға, тұлпарларға арнап сан алуан тамаша өлеңдер шығарған. Соның ішінде Ілияс Жансүгіровтың бір жырын оқып көрелік:

Жанына еліміздің жылқы жаққан,

Жылқыға жетпеген көз жәутең қаққан.

Мінсең – ат, ішсең – қымыз, жесең – қазы,

Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан.

Халықпыз артық көрген атты тақтан.

Қызық-ау біздің бәйге қырда шапқан,

Шыдар ма қазақ қаны ұшып кетпей

Аттарға шаң шығарып келе жатқан?!

Айтыңызшы не деген керемет маржан сөздер! Ілияс ағамыз ерекше жаратылған жан ғой.

ЖЫЛҚЫНЫ ӘЛЕМДЕ ЕҢ АЛҒАШ ҚОЛҒА ҮЙРЕТКЕН БІЗДІҢ АТАЛАРЫМЫЗ

Ол жөнінде Берел, Ботай қорымдарынан табылған бұлтартпас әлемнің маңдайалды ғалымдары мойындаған дәлелдеріміз бен фактілеріміз бар. Бала кезімде «Астыңғы ерні жер тіреп, үстіңгі ерні көк тіреп…», «көлденең жатқан көк тасты тіктеп тиген тұяғы саз балшықтай илеген…» тұлпар түлігін елестететінмін.

Сәби қиялмен Қазанатты тауып алып, ерттеп мінсем деген арман пайда болды. Есейе келе бұл азаматтық позицияға ауысты. Тіпті ат спортын дамыту жолы­на түбегейлі ден қою мақсатында 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға арнайы көшіп келдім.

Ал енді сұрағына келсек, қазақтың Қазанаты қазақ даласында бар. Оған біздің талай бәйге кезінде көзіміз жетті. Атақты Адай жылқысын, Қостанай жылқыларын қалайша Қазанат дей алмаймыз. Біле білсеңіз, қазір әлемге танымал ағылшын жылқыларында Қазанаттың қаны бар. Ағылшындар ертеде асыл тұқымды арғымақтарды біздің сайын даладан алып кеткен. Олардың ұтқаны сол – Қазанаттың ұрпағын көбейтіп, асылдан­дыра білді. Соның арқасында олар әлемге танылды.

Қазір әлемде жылқының 200-ден астам асыл тұқымы бар. Олар: ағылшын, араб, америка, ганновер, орлов, ақалтеке, т.б. деп кете береді. Біздің Қазанатымыз бұлардың бәрінен артық болмаса, кем емес. Өйткені, қазақ Қазанатының бойында төзімділік, жүйріктік және маңғаздық бар. Бұл жағынан келгенде Қазанат қазақ халқының мінезіне, болмысына ұқсайды. Ата-ба­баларымыз өздерін «жылқы тектес халықпыз» деп бе­кер айтпаған. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек,

Жылқыда да жылқы бар, Қазанаты бір бөлек» – де­ген аталарымыз.

ҚАЗАҚ ЖЫЛҚЫЛАРЫН ҚҰРТУДЫҢ АСТАРЫНДА СҰРҚИЯ САЯСАТ ЖАТЫР

Бұрынғы замандарда жылқының саны көп болған ғой…

-       Иә, көп болған. Бір-ақ, мәлімет келтірейік. 1916 жылғы санақ бойынша қазақтарда 5 миллион 640 мың бас жылқы болған. Жалпы қазақ даласында 1928 жылға дейін 60 миллионнан астам төрт түлік малдың түрлері жайылып жүрген. Халқымыздың саны 6 миллионға жуық болатын. Сіз жылқы шаруашылығының тарихын зерттеп жүрген азаматсыз… Малдың саны  неге күрт кеміді?

 -       Сұрақ дұрыс. Жылқының күрт азаюының аста­рында сұрқия саясат жатыр. Бір сөзбен түйіндесем, әдейі қазақты жер бетінен жоғалту және рухани жаншу үшін істелінген қолдан жасалған қылмыс. Оның авторы – Сталин, қосалқы авторы Голощекин деген оңбағандар. Сталин 1926 жылы Қазақстанға басшылыққа Голощекин Ф. И. жібереді. Жарты жыл­дан кейін оны өзіне шақыртып, тапсырмасының қалай орындалып жатқанын сұрайды.

Филип Исаевич, Қазақстанға барғаныңызға бірталай уақыт болды. Жергілікті жұртты Совет Үкіметіне бағындыра алдыңыз ба? – дейді.

Басшысының не ойлағанын жылдам түсінген Го­лощекин: Иосиф Виссарионович, көшпенділерді тез бағындыру үшін рұқсат алатын ұсынысым бар. Соны сізге айтайын деп едім. 

Менің зерттеуім бойынша, Иосиф Виссарионо­вич, қазақ халқының мықтылығы миллиондаған бас жылқыларында жатыр. Қазақтар – ер халық. Ал, атқа мінсе тіпті өзгеріп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Ұлан ғайыр созылып жатқан кең далада оларды ұстау қиын. Одан шығатын жол біреу-ақ. Ол – қазақтарды аттан түсіріп, астарындағы асуларын тартып алу.

Логикаңыз дұрыс, Филипп Исаевич, өзімде солай ойлап едім. Шыңғысхан аттарымен әлемді бағындырып ,әйгілі болған ғой. Ұсынысыңызды қабыл ал­дым. Іске кірісіңіз, тез арада қазақтарды аттан түсіріп, тұлпарларын жойыңыз – деп Сталин нақты тапсырма береді.

Сталиннің тапсырмасын орындауға Голощекин барын салады. Қазақ даласының сәні, қорғаны, ішсе қымыз, жесе тамағы, жылқы малын аз уақытта қырып салады. Міне, мұны рухани жою деп айтады. Ста­лин мен Голощекиннің қасақана істелген зұлматына шыдамаған бауырларымыз мүмкіндігінше шет елге үдере кетті. Сол кезде қазақ жылқыларының қасақана қырылғаны туралы мәліметтер, деректер архивтерде сақталынған.

Дегенмен, арғы бетке өтіп, тұқымы сақталған тұлпарларымыз да бар.

Бүкіл Қытайды мойындатқан Бейжиңгер сол қасиетті қазанаттардан қалған ұрпақ. Оған да шүкір дейміз.

Біз, қазақтар – қазанаттар десек – Алпамыстың – Бойшұбарын, Қобыландының – Тайбурылын, Қамбардың – Қарақасқасын, Исатайдың – Ақтабанын, Абылайханның – Шалқұйрығын, Қабанбайдың Құбасын, Ақан серінің – Құлагерін, Бошайдың – Үш қарасын айтамыз.


ҰЛТТЫҚ АТ СПОРТЫ ТҮРЛЕРІ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ, ҚАУЫМДАСТЫҚТЫҢ ҚҰРЫЛУЫНА ТІКЕЛЕЙ АТСАЛЫСЫП, ТЕР ТӨГІП КЕЛЕМІН

 

–       Қазанаттар туралы жақсы айттыңыз. Бұл үлкен тақырып қой. Қалғанын келесі сандарда жалғастырармыз. Енді, ұлттық ат спортына оралсақ дұрыс болар еді. Сәке, ұлттық спорт түрлерінің негізгі ойыны «Ат ойындары» емес пе?

 

–       Шынында, біздің ұлттық спорт түрлерінің 90 пай­ызы атқа қатысты ойналады. Бұл саланың қиындығы да, қызығы да осында. Спортшы қандай шымыр, мықты болса, оның аламан бәйгеге немесе көкпарға қосатын аты да мықты, жарамды болуы шарт. Басқа спортта бапкер тек спортшыны дайындаса, ұлттық спортта бірнеше бапкер, біреуі спортшыны, енді біреуі атты баптайды. Мен білетін ұлттық ат спортының 15 түрі бар: аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан бәйге, жорға жарыс, көкпар, аударыспақ, теңге алу, қыз қуу, тай жа­рыс, дөнен жарыс, қыз жарыс, жамбы ату, ат омырау­ластыру, ат құлағында ойнайтын «ер жігіт ойындары» деген сияқты.

 

–  Сәке, осы жерде ұлттық спорттың тарихымен таныстырып өтсеңіз. Біздің басылымның оқырмандары – негізінен жастар. Оларға тарихты білу – артық болмас деп ойлаймын. Ұлттық спорт тура­лы молынан айтып беруіңізді қалап отырмын.

 

–       Қазақ ұлтының ұлылығын, қазақ халқының даналығын, қазақ елінің елдігін әлемге паш ететін мәдениеті мен салт-дәстүрі болса, соның ең басты­сы ұлттық спорт түрлері, ұлттық спорт ойындары болып табылады деп есептейміз. Ұлттық спорттың мың жылдан бері көп тарихы бар.

Аламан бәйге, тоқ бәйге, жорға жарыс, құнан бәйге, көкпар, қыз қуу, ат үстіндегі сайыс (аударыспақ ойыны), теңге алу, жам­бы ату, қамшыгерлік, саясаткерлік, түйе жарыс – жел­мая, қазақша күрес, жекпе-жек, тоғызқұмалақ және тағы басқа спорт түрлері сонау ықылым заманнан бері туған халқымызбен бірге жасап, ұлы ақынымыз Жұбан Молдағалиев айтқандай «Мың өліп, мың тіріліп» келеді.

Түйіндеп айтсақ, Ұлттық спорт – Ұлы дала мәдениетінің темірқазығы. Ал, мәдениет – ұлт рухы, болмысы!

Ұлттық спортымыз – екі мыңжылдық тарихында, менің зерттеуімде 4 кезеңді бастан кешіріп отыр.

1-кезең: Дәуіріміздің 6-ғасырынан – 18 ғасыр аралығын қамтиды. Түрік қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын орда, Қазақ хандығының даму тұсы 13 ғасырға созылған көшпенділер спортының қалыптасу кезеңі.

2-кезең: Ресей империясының қарамағында бодан болған тұсымыздағы ұлттық спорт түрлерінің дамуы. Толық 18, 19 ғасырлармен мен 20 ғасырдың басына дейінгі – 217 жыл. Байтал тұрғы бас қайғы заман.

3-кезең: Қазан төңкерісі болған 1917 жылдан – 1991 жылдар Советтер одағы тарағанға дейін – 74 жыл аралығы. Ұлттық спортымыздың – көлеңкедегі шөп сияқты дамуы.

4-кезең: Қазақтың тәуелсіздік алған 1991 жылдың 16 желтоқсаннан бүгінгі күнге дейінгі аралық.

Ұлттық спорттың айының оңынан туып, жұлдызының жарқырай бастауы.

 

–       Дұрыс айтасыз. «Ат спорты» ойындарының жанданған кезі соңғы жылдары ғана емес пе? Ұлттық ат спорты түрлерінің федерациясы қашан құрылды? Тұңғыш атбегілер . құрылтайы. қашан өткізілді?

 

–       Жоғарыда айтып өткенімдей ұлттық спор­ты Ел тәуелсіздігінің арқасында өткен тоқсаныншы жылдардың басында қолға алына басталды. Оны көтерген Айып Құсайынов, Бошай Кітапбаев, Анатөлі Құлназаров, Сайлау Тұрыскелдин, Бердібек Сапарбаев, Иманғали Тасмағамбетов, Амалбек Тшанов, Серік Үмбетов сын­ды азаматтар. Соның арқасында еліміздің көптеген об­лыстарында ат спорты ойындары жиі өткізіле баста­ды. Сол тұста ұлттық өнерге сусап қалған қауымның тамашалағаны аса бір керемет болатын.

Өз басым сондай ірі жарыстардың бел ортасында жүрдім, бірталайын ұйымдастырдым. Осы мақсатпен 1994 жылы Шығыс Қазақстаннан Алматыға арнайы көшіп келдім. Сол уақыттарда белгілі адамдардың ме­рейтойларын өткізу дәстүрге айналды да, ат ойындары жанданды.

Қайта түлеп жатқан ұлттық ойындардың белгілі жүйесі, бекітілген ережесі болмағандықтан, көптеген олқылықтар кетті. Аударыспақ, көкпар ой­ындары өткізуге қарсылар да табылып, аяқтан шалу­шылар көп болды. Бұлай жүре берсе, ат спорты жа­старды қызықтырудан қала ма деп қорықтық.

Белгілі бір жүйе, ережеге бағынбаған істің кетеуі кететінін түсініп, 1995 жылдың қаңтарында Жастар ісі, туризм және спорт Министріне хат жаздым:

ҚР жастар ісі, туризм және спорт

Министрі Б.С. Әйтімова ханымға

Ұсыныс хат

Құрметті Бірғаным Сарықызы!

Тәуелсіз мемлекет болғанымызға үш жыл то­лып, төртінші жылға аяқ басты. Егемендігімізге сай спорттың олимпиадалық түрлері өсіп-өркендеу кезеңін бастан кешіруде. Үкімет тарапынан қажетті қаражат бөлініп, спорт кешендері көптеп салыну­да. Бұл сөзсіз қуанарлық жағдай.

Өкінішке орай, мың жылдық тарихы бар, халқымызбен бірге жасап келе жатқан төл спортымыз – Ұлттық ат ойындарымыз – Аламан бәйге, тоқ бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс, көкпар, теңге алу, қыз қуу, аударыспақ және басқа түрлері көзге ілінбей, ұмыт қалып тұр. Айтайын дегенім, халықта осы спорт түріне деген үлкен құлшыныс бар, бірақ оны қолдайтын спорт басшыларында, әкімдерде құлық жоқ.

Олар ұлттық ойындарымызға үрке қарайды, спорт түрі деп санамайды. Мен оларды мәңгүрттер деп санаймын. Негізгі кемшілік – ережелердің жоқтығы. Сізден сұрарым, біз дайындаған Қазақ Ұлттық ат спортының барлық түрлерінің Ережесін заңды түрде бекітуге және Ұлттық Ат спорты түрлері Федерациясын құруға ат салысуыңыз болып табы­лады.

Құрметпен,

Ұлттық ат спортының жанашыры,

атбегі Сәдібек Түгел

15 қаңтар 1995 жыл.

Алматы қаласы.

Абырой болғанда бұл хат министрліктің сол кездегі бөлім меңгерушісі Елсияр Қанағатовтың қолына тиді. Біздерге сол тұста шын ниетімен көмек жасаған Елсияр бауырға әлі күні алғысымыз шексіз. Мен, жарыққа шыққан екі кітабым да ол туралы жа­зып, рахметімді білдірдім. Әлі де жүрген жерде, га­зет, журналдарда, радио, телевиденияларда айтып келемін.

Өйткені, ол ұмытылмайтын жағдай. Ал, өз кезеңінде Елсияр бауырымыз менің осы ұсыныс – ха­тым туралы жүрекжарды тілегін елге жеткізуде. Ол үшін де оған мың да бір алғыс айтамын. Бұл дегеніңіз оның әділдігін, адалдығын білдіреді. Тілегім,балалары мен немерелерінің қызығын көрсін.

Сонымен, менің хатымның негізінде Қилан Нұртазинов, Кендебай Әбішев сынды бірқатар жігіттер тізе қосып, ақырында ұлттық ойындар Ережелерінің алғашқы нұсқасын жаздық. Сосын ережелер дайын болғанан кейін 1996 жылдың 1 наурызында Алматы қаласында тұңғыш рет қазақ атбегілерінің Құрылтай конференциясы ұйымдастырдық. Бұл күн – Ұлттық ат спорты түрлерінің Федерациясы үшін тарихи дата бо­лып есте қалды.

–       Сәке, менің елден және Елсияр мырзадан естіген Сіздің тарихи хатыңыздың сырына енді қанық болып тұрмын. Өте бағалы ұсыныс. Ал, Ұлттық Ат Спорты федерациясын Алматыдан – Астанаға қалай әкелгеніңіз туралы да білгіміз келеді.

 

–       Екі ғасырдың тоғысында халқымыздың тари­хында ерекше орын алатын Ұлы оқиға болды. Ол Елордамыздың Алматыдан – Астанаға көшуі еді. Мен сол ұлы көшпен алғашқылардың бірі болып Алматы­дан Астанаға қызмет ауыстырдым. Астана қаласының тұңғыш баспасөз хатшысы болып тағайындалдым.

Осы кезеңде Федерациямыздың жұмысы тоқырап, жетімсіреп қалды. Өйткені, адамдарсыз жұмыс жүре ме? Не істеу керек? Ойланып, ақылдасып федерацияның офисін Алматыдан – Астанаға әкелу керек деп шешім қабылдадым.


Бұл сәтте маған ағалық көмегін беріп, қолдау көрсетіп, қазақтың біртуар аза­маты, тау тұлға Құлназаров Анатөлі Қожыкенұлы. Ол кісіге федерациядағы жағдайды айтып, телефон соқтым. Ағам бірден қолдай кетті. Осы айтқандарымды қағазға түсіріп, маған жібер, мен қолдаймын деді. Мен, мына төмендегі хатты А.Қ. Құлназаровтың атына орыс тілінде жолдадым.

Министру туризма и спорта РК

господину Кулназарову А. К.

Предложение

Уважаемый Анатолий Кажыкенович!

Я, являюсь руководителем пресс-службы города Аста­ны – столицы, выбранной, основанной и строящейся са­мим Президентом страны – Н.А.Назарбаевым. Как вы знаете, с 1980 года я активно участвую в широком разви­тии, систематизации, проведении по специальным прави­лам нашего национального достояния, прекрасных тради­ций – Аламан байге, ток байге, жорга жарыс, сайыс, кыз куу, тенге алу, кокпар.

В связи с этим прошу Вас перевести Центральный штаб Федерации Национальных видов Конного Спорта в столицу – город Астану. В новой столице я провел неко­торые подготовительные работы по этому вопросу. Со­бираю и провожу совещание с неравнодушными к конному спорту людьми. Они поддерживают, мое предложение.

Среди них Кайрат Назарбаев, Кенталь Исламов, Абсамат Байбеков. Я верю, что эти люди в будущем внесут свой вклад в развитие Национальных видов конного спорта и будут верны традициям наших предков. И поэтому-то я позвал их принять активное участие в работе Федерации Национальных видов Конного Спорта.

В связи с этим про­шу Вас направить из Алматы в Астану некоторых членов президиума Федерации. Цель встречи – обсуждение и ут­верждение соревнований по национальным видам Конного Спорта на 1999 год и проведения съезда Федерации, выборы руководящих органов, организация Головного Офиса в городе Астане.

С уважением, атбегы – руководитель

пресс-службы Акима города Астаны

Садыбек Тугел

5 декабря 1998 года.

Г. Астана

– Анатөлі ағамыз айтқан сөзінде тұрды. 1999 жылдың ақпан айының ол Алматыдан Елсияр Қанағатов пен Нәбидолла Кикебаевты жіберді. Мен оларды теміржол вокзалынан тосып алдым, орналастырдым. Сосын бәріміз бірігіп, бірлесіп, тізе қосып, ауыз бірлікпен Ұлттық Ат спорты федерациясының съезін 1998 жылдың 7 сәуірі күні өткізіп, әділет министрлігінен тіркеуден өткіздік.

Съезд делегаттары – Қайрат Назарбаевты, федера­ция президенті, мені – бас хатшы, Ерлан Атамкұлов пен Елсияр Қанағатовты вице президент, Нәбидолла Кикебаевты – атқарушы директор, Абай Жүсіповты қаржылық директор ретінде бірауыздан сайлады. Жұмыс жанданды. Жер-жерде федерацияның фили­алдары ашылды.

Федерация туралы жағымды пікірлер қалыптасты. Барлық жарыстар Федерацияның аты­мен, соның ережесімен өткізілді. Ел біздің жұмысымызға оң баға берді. Осылайша, ұлтқа жаны ашитын азаматтардың арқасында біраз шаруаларды атқардық. Алғашында бір ғана Ұлттық Ат Спорты федерациясы болса, қазір бұл үлкен Ұлттық спорт түрлері Қауымдастығына айналып, ол өз құрамына 27 федерацияны біріктірді.

Олардың өзінде облыстық, аудандық филиалдары бар. Құрылғаннан бері мыңдаған халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық жарыстар өткіздік. Республика бойынша 11 ұлттық спорт мектебі, 17 ат спортының клубтары мен орталықтары, 27 ипподром­дар жұмыс істейді.

22 жылдың ішінде бүкіл Қазақстан бойынша ұлттық спорттың барлық түрлеріне 18475 әртүрлі жарыстар, шаралар, басқосулар өткізілген. Халықаралық «Көкбөрі» Федерациясын құрдық. Ұлттық спортымызды әлемге паш еттік. Бұл – зор жетістік деп ойлаймын. Қауымдастықтың құрамында 1 милли­ондай адамдар бар.

–       Сәке, сенімді достарыңыз бен және ел­мен Ұлттық Ат спорты Федерациясына қатысты қыруар шаруалар тындырыпсыздар. Көп рахмет. Халық айтса қалт айтпайды ғой. Ел сіздердің осы ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Федера­цияны одан кейін Қауымдастықты құруда және оның жұмысын күнделікті жүргізуде кедергілер мен қиыншылықтар да болған шығар. Олай деп отырғаным биылға дейін басқа спорт түрлерімен салыстырғанда, ұлттық спортқа мемлекет тарапы­нан қаржы бөлінбеді емеспе?

–  Ия, тек соңғы бір-екі жыл көлемінде «Самұрық- Қазына» тарапынан қаржылай көмек көрсетіле бастал­ды. Ол дегеніңіз – жүздеген, мыңдаған бізді қолдаған бауырлардың еңбектерінің ақталғаны ғой деп ой­лаймын. Сіз дұрыс айтасыз біз бұрыннан қоғамдық , патриоттық, фанаттық негізде жұмыс істеп келеміз. Бізді достарымыз «жалаңтөстер» деп атап кеткен. Ол үлкен тарих. Ал, кедергілер мен қиыншылықтар өте көп болды. Федерацияны да, Қауымдастықты да жа­былудан , жабудан алып қалғанымыз көпке аян дүние. Оған болашақ бағасын беретін болар.

ҰЛТТЫҚ СПОРТЫМЫЗДЫ

ӘЛЕМГЕ ПАШ ЕТІП КЕЛЕМІЗ

–       Кейбір ағаларымыз «Ұлттық спорт түрлерімен әлемдік аренаға шыға алмаймыз» деген де күстаналаушылық әңгімелерін айтып жатады. Кейде дәйекті дәлелдер келтіргенде, шынымен де осы іс-әрекеттеріңіз бекер емес пе деген ой келеді…

–  Ұлттық спортпен әлемдік аренаға шыға алмай­мыз дегендер, ұлт деген ұғымнан мақұрым, оры­станып, еуропаланып кеткендердің бос далбасасы. Ат спорты арқылы біздің қазірдің өзінде қаншама ел таныды. Олар қазақ деген ұлттың ат құлағында ойнаған халық екенін мойындады. Ұлттық спортты әлемге таныту арқылы біз қазақтың мәдениетін, салт- санасын, спортын, этнографиясын, тарихын насихат­таймыз.

Біздің спортшылар шетелге барғанда жай ғана аттарын жетектеп бара салмайды. Ер-тұрманы, ұлттық киімі, жасау-жабдығымен барады. Оларды көрген шетелдіктердің талайы естерінен танды. Бір ғана қамшының өзі мәлімет береді. . Ер-тұрман мен ат әбзілдері – нағыз қазақтың тарихы мен өнерін паш етеді. Ал күрес пен боксқа қатысатын спортшыдан осының қайсысын көре аласыз.

Сондықтан, ұлттық спорт арқылы біз еліміздің, ұлтымыздың салт-санасын шетелге танытамыз. Ұлы дала мәдениетін паш етеміз. Еуропаны мәшине, техника жасаудан оза алма­уымыз мүмкін, ал енді қазақтың Қазанаты арқылы ұлттық спорттын дамытсақ, онда күллі Батысты артта қалдырар едік.

– Шетелдерде өтетін дүбірлі додаларға қатысып жүрсіздер, нәтиже қандай?

-       Ең алғаш рет 1996 жылы Венгрия Республика­сы ұйымдастырған әлем шабандоздарының бірінші фестиваліне қатыстық. Әлем шабандоздарының тұнғыш фестивалінің бас жүлдесінен дәмелі 23 мем­лекет ішінен қазақтың жұлдызын оңынан туды. Көкпар, қыз қуу, аударыспақ, теңге алу сынды төл ойын түрлері бойынша оқ бойы озып шықтық. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген еуропалықтар жа­пырылып құлады.

Ақырында фестиваль төрешілері мен қазылар алқасы бас жүлдені біздің жігіттердің қанжығасына байлады. Бізге дейін мажарлықтар: «Бізді дүниеде ат үстінен аударып түсіретін ұл туған жоқ» деп мақтанып жүреді екен. Осы мажар жігіттерін біздің Қаһар Қиянтаев, Шадияр Шоқанов, Жаныс Саев сияқты жігіттеріміз қасқағымда ат үстінен жұлып-жұлып алып, лақтырып жіберді. Венгрлік гусарлардың салмақтарының өзі 120-130 келі, бой­лары екі метрден асады. Біздің жігіттер орта бой­лы, әлгілердің иықтарына да жетпейді. Бірақ, әдіс- айла мен тақым мықты болғанда, салмақ пен күштің дәрменсіз болатынын сонда көрдік.

2001 жылы Халықаралық «Көкбөрі» Федерация­сы құрылды, оған әлемнің 17 елі мүшелікке енді. Бұл біздің көкпарымыздың әлемдік сипатқа ие болуы де­ген сөз. Сол 17 мемлекеттің ішінде Жапон, Түркия, Қытай, Ресей, Венгрия сынды ірі мемлекеттер де бар.

-       Бірнеше жылдың алдында Ұлыбританияға барған бүркітшілеріміз зор табысқа кенелгенін білеміз. Сол туралы толығырақ айтып өтсеңіз…

–  2007 жылдың шілде айының ортасында Еуропаның төрі Лондон қаласында біздің бүркітшілер та­рихи жеңіске қол жеткізді. 33 мемлекеттің ішінен су­ырылып алға шықты. Бұл еліміз үшін үлкен абырой. Ұлыбританияға тұңғыш рет барлық жасауымен, оның ішінде сандық, қылыш, найза, ертоқым, алаша, теке­мет, қамшыдан тартып, сегіз қанат киіз үй апарған біздің жігіттер – бүкіл фестивальге қатысушыларды таң қалдырды.

Франция, Германия, Бельгия, Брита­ния, Бразилия, Жапония, Қытай секілді мемлекеттер қатысқан бұл фестивалға 5000-дай адам қатысты. «Бри­тан құсбегілері» ұйымының басшысы, халықаралық құсбегілер Федерациясының президенті Джим Чик­пен кездесу өткіздік. Мәдени-спорт саласына қатысты екіжақты ынтымақтастық жасау мүмкіндіктері талқыланды. Біз апарған киіз үйді Біріккен Араб Әмірліктерінің Премьер-Министрінің орынбасары, БАӘ Құсбегілер клубының төрағасы Шейх Хамдан бин Заед Әл-Нахянның өзі келіп тамашалады. Киіз үй Брита­ния мұражайына табыс етілді.

–       Сіз бастаған қазақ көкпаршылырының Түркиядан жеңіспен оралғаны жөнінде айтып берсеңіз?

 

-       2012 жылдың 12-14 қазанында Түркияның Де­низли қаласында әлем елдерінің ұлттық ойында­рынан фестивалі жоғары деңгейде өткізілді. Оған дүниежүзінің 25 мемлекеттері қатысты. Олар: Америка, Жапония, Мажарстан, Словакия, Украина, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Албания, Герма­ния, Австрия, Болгария, Грузия, Азербайджан, Литва, Ауғанстан, Латвия, Эстония, Чехия, Франция, Италия, Малайзия, Индия және Түркия. Фестивальға 500-ден астам ұлттық ойындардың шеберлері, спортшыла­ры, шабандоздары, көкпаршылары, палуандары , әр – түрлі ауыр заттарды көтеретін, ауыр автокөліктерді сүйрейтін күштілері күш сынасып, қатысты.

Әрбір ұлттардың ұлттық ойындарының 25 түрінен қызықты жарыстар, әсерлі көрсетулер болды. Қазақстан көкпардан құрама команда апарды. – Елімізге атта­ры мәлім, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионда­ры, көкпардан спорт шеберлері: Дәулетбек Омбаев, Темірқан Айтбаев, Қазбек Амангельдинов, Мұстафа Уатаев, Бақтыбай Шырынкулов, Еркеғали Мырзабаев. Бас бапкер әрі алаңдағы ойыншы болып Қуан Құрамаев барды. 12 қазан күні Қырғыз Республикасының құрама командасымен ойнадық. Матч өте тартысты әрі қызықты өтті. Өйткені қырғыздар бұл жарысқа қатты дайындалып, қайтсек де жеңеміз деп келген екен.

Ол жөнінде маған сол аймақта тұратын қырғыз бауырлар айтты. Біздің жігіттер намысты бермеді, ше­бер ойнады. Нәтижесінде біз – 10:5 есебімен жеңіске жеттік. Екінші ойын Турцияның көкпаршыларымен болды.Ол да керемет өтті. Есеп 7:2 қазақтар жеңді. Бұл дегеніңіз қазақ көкпаршыларының халықаралық деңгейдегі айтулы жеңісі болып табылады. Фестиваль өте жоғары деңгейде өткізілді. Үш күн толығымен 500 мың адамдар тұратын Денизли қаласы ұлттық рухта өмір сүрді.

Мыңдаған түріктер ойындарды тамашала­ды, қол соғып қошамет көрсетті. Қазақтың көкпарына деген құрметтері мен құлшыныстары ерекше болды. Түркия үкіметіне алғысымнан басқа айтарым жоқ. Біздің барлық шығындарымызды, баруымыз бен келуімізді солар көтерді. Көкпарға аттар берді. Ең ба­стысы олар Ұлттық ойындарға арналған «Қызыл жа­лау» атты сайыс аренасын салып, іске қосқан.

Біздің көкпар ойынына өте ыңғайлы. Бір сөзбен айтсам түрік бауырлар рухты көтеретін, ұлттық ойында­рын мемлекеттің толық қарауына алған. Оған қаржы аямай жұмсауда. Үлкен әсер алып қайттым. Ұлттық ат ойындарымызға арналған ұсыныстарымды Серік Ахметов басқаратын Үкіметке жіберуді көздеп отыр­мын. Қолдайды деп сенемін. Өйткені – ұлттық спорт – ұлттың рухын қайрайды әрі көтереді.

ҚҰЛАГЕР – ЕСКЕРТКІШІ БҮКІЛ ҚАЗАҚ АТБЕГІЛЕРІНІҢ ЗОР ЖЕҢІСІ.

–  Сіз, Ұлы Дала тұлпары Құлагерге ескерткіш салу идеясының авторы әрі ұйымдастырушысыз. Идея қайдан. неден туындады? Бұл бастамаңыз тек алуды, жеп қалуды мақсат тұтқан заманда, дүние мүлкіңізді ломбардқа салып ұлтымыздың мақтанышы Құлагерге ескерткіш тұрғызуыңыз ғажап оқиға болды?

–       Ашығын айтайын, бұл идея жігіттік намыстан, азаматтық нартәуекелдігінен шықты. «Мен бастама­сам, мен істемесем кім істейді» – – – деген ойдан келді. Ерейментау ауданындағы ескерткіштің ұрлануы менің намысыма тиді. Зұлымдыққа тойтарыс беру қажет болды. Көп сөзден , нақты бір іс артық деп, осы шаруға белсене кірістім. Халық қолдады. Бұл күнде «Астана- Көкшетау» автобанына сән беріп тұрған сәулет. Адам­дар көп барады. Ел ұнатады. Сол маған үлкен баға.

 

–      Алдағы жоспарларыңыз қандай?

–  Алда үлкен асулар мен белестер тосып тұр. Олар туралы келесі кездескенде айтып берейін. Ұлтқа қызмет етуден шаршамаймын.

–  Тартымды әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан

 АЛЬБЕРТ МҮРСӘЛІМОВ

Астана қаласы.

Ұлт порталы

 

Просмотров: 2177 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
0  
1 Jakup   (04.11.2013 22:44) [Материал]
Осындай ұлттық құндылық деп шырылдайтын жігіттер көбірек болса ғой, шіркін...

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Қараша 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика