Жұма, 03.05.2024, 08:53
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Қараша » 15 » Біржан ЖАҚЫПОВ: СПОРТТЫҚ ҒҰМЫРЫМА ӨКПЕМ ЖОҚ
20:17
Біржан ЖАҚЫПОВ: СПОРТТЫҚ ҒҰМЫРЫМА ӨКПЕМ ЖОҚ


Астана. 15 қараша. Baq.kz - Спорттың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Бірде бағың жанып, жүлдеге көміліп қаласың. Жеңістің ауылы алыстап кетуі де бір сәт. Осындай жеңістің жолы ұзап кеткен боксшы Біржан еді. 2005 жылы әлем біріншілігінде қолаға қолы жеткеннен кейін, жолы болмай-ақ қойды. Соқпаққа түсті. Сүрлеумен жүрді. Оны өзі де мойындайды. Жолы ауыр екенін. 

– Жеңіс құтты болсын! Бұл мерейлі сәтті бәріміз ұзағынан күттік. Сегіз жыл дегенде қол жеткен алтын тұғырдың бағасын ел біледі. Өзіңнің аузыңнан есітейікші, расында да жеңістің жолы тым ұзап кетпеді ме?
– Алланың маңдайымызға жазғаны шығар. Қаншама жыл тер төктік. Жолым болмағанымен, жігерім мұқалған жоқ. Бұйырған несібелерге қолым жетіп жүрді. Қырсық шалған кездерім де көп. Әрине, жеңіс оңайлықпен уысыңа түсе салмайды. Әуелі Лондонда жүлде алсам деген мақсатымның күл-талқаны шықты. Қайтейін, бұйырмапты. Қайткен күнде де өз үйімізде өтетін әлем чемпионатында қолым жетпеген биіктікке шығуды ойладым. Мықтылығымды дәлелдемей, спорттан кеткенім жараспас дедім. Талай жерде жолыма бөгет болған қытайлық Зоу Шиминьнен есе қайтарғым-ақ келген. Амал не, жолымыз қиыспады. Одан бөлек, жастар да қарымын байқатты.
– Менің сыртымнан көп әңгіме айтылып жүргенін білемін. Жеке бапкерім Мырза аға бас бапкер болмай тұрып-ақ ұлттық құрамадан орнымды ойып алған жоқпын ба?
– Шынымды айтайын, елде өткеннен кейін бе, Олимпиадаға қарағанда әлем чемпионатының қиындығын сездім. Өз халқыңның алдында жұдырықтасудың салмағы ауырлау.
– Жеребеге көзің түскенде қандай ой келді? Бастапқы кезден-ақ мықтылармен жолың түйісіп еді...
– Жеребе менің оң жамбасыма дәл келген емес. Қаншама Олимпиада, әлем чемпионаттарынан білесіз. Бірақ солай екен деп, жарыстан сырт айналмайсың ғой. Бір жағынан қиын болғаны да дұрыс шығар. Жайлы түссе, «әне жеребемен жолын ашып берді» дегендей әңгімелер айтылуы мүмкін.
Қарсыластарымның қай-қайсысы да мықтылығын мойындатып жүргендер. Бастапқыда жолыққан Галановтың тісқаққан спортшы екенін білгеніммен, жолымыз түйіскен емес. Қалай десек те, алғашқы бәсекенің өз қиындығы бар. Өзі де ыңғайсыз қарсылас. Баспен соғып жіберуге де құмбылдығын байқатты. Ал өзбек өренінің соққысы зілдей. «Төрттік турнирінде» техникалық қателігімнің кесірінен жол бергенмін. Тактиканы дұрыс құрып, одан да айналып өттік.
Бар мәселе ширек финалда. Қолда тұрған жүлдеден айырылу кешірілмейді. Осы сында бар-күшімізді салдық. Жалпы айтқанда, Америка құрлығының боксшылары кәсіпқойға жақын. Темірдей төзімді. Пуэрториколық қарсыласым да тынбай шабуылдағанды оң көреді екен. Жастар төбелестен қайтпайды ғой. Оларды тек алдап соғу керек. Жартылай финалдағы Иосбани Сото да жастардың санатынан.
Финалдың аты – финал. Іріктеуден мықтылардың ғана өтетінін естен шығарған жоқпыз. Алжирлік маған дейін қытай, кәрістің перілерін жолдан ығыстырды. WSB жобасында бағын сынап көрген әккі спортшы. Бәсекелерін ғаламтордан мұқият қарадық. Бапкерлердің ақыл-кеңесімен, жанкүйерлердің дем беруінің арқасында Флиссидің де осал тұсын таптық. Көп жерде болып жүрсем де мұндай қолдау-қошеметті сезінбеген едім. Тілеуімізді тілеп, дұғада болған кісілерге, барша жанкүйерлеріме алғысымды жеткізсеңіз.
Бір өкініштісі, жүлдеге лайық жігіттеріміздің құралақан қалғаны. Ілияс бір жүлде алуға қабілетті жігіт еді. Қайратты да алтынға лайықтылардың санатына қосамын.
– Үміт пен күдік артта қалды. Енді жанкүйерлерді бір ғана сауал мазалайды...
– «Әрі қарай спортты жалғастырасың ба?» деп сұрағыңыз келіп тұр ғой. Олимпиададан кейін боксты доғарсам ба деп те ойлағанмын. Кейіннен әлем чемпионатына қатысқым келіп, дайындықты жалғастырдым.
Не айтайын, қазір арқаны кеңге салып, демалып жүрмін. Денсаулығымды түзеп, жарақаттарымнан айығып дегендей. Тынығып алғаннан кейін бұл мәселені де ойланатын уақыт келер. Оған дейін жастармен тәжірибе бөлісіп, көмектесу ниетім бар. Ел чемпионатын байқаймыз. Жастардың аяқ алысын. «Уақыт төреші» дейді ғой. Қазір нақты шешімімді айта алмаймын. Ол да жеңіл-желпі қарайтын дүние емес. Алдағыны біліп болмайды. Мырза ағамен ақылдасып, нақты шешімге келуім керек.
– Айтжанов бала кезіңнен бері жаныңда. Ол кісінің сенімін ақтай білдің..
– Рас айтасыз, бапкерімнің еңбегі өлшеусіз. Ұтылып қалсам, ағаға да сөз тиетінін білем. Осы доданың қиындығы мен қызығын бірге кештік. Бапкерімнің артықшылығы, әрдайым әділ шешім қабылдай білетіндігі. Бет-жүзің бар демей, тіке сөйлейтіні бар. Білесіз бе, шаршы алаңда айқасып жүріп қанша айқай-шу болса да, ағайымның дауысын анық естіп тұрамын. Тапсырмаларын мүлт жібермеймін.
– Үйдегілер жекпе-жек кезінде жанын шүберекке түйіп отырған болар? «Баласы атқа шапса, анасы үйде тақымын қысады» дегендей..
– Олар да жолыма үмітпей қарайды. Жартылай финалда Алматыға әкем келді. Келіншегім де теледидар алдында «тақымын» қысып отырады.
Қазір үйден қонақ үзілер емес. Алла қуанышымызды көп көрмесін. Ауылдан, дос-жаран, туған-туыстарым ағылып келіп жатыр. Ыстық лебіздерін білдіріп.
Қонақжай халықпыз ғой. Облыс спортының басшылары, ел ағалары да ыстық-ықыласпен күтіп алды. Абыз ақсақалдардың батасын алдық.
Туған ауылға жол түспегелі де біраз болды. Оқу-жаттығу жиындары құрсап тастайды. Таяу күндері ауылға барып, аунап-қунап қайтсам деймін. Қазы-қартасын жеп, қымызын ішіп. Ауылда бәрі күтіп отыр.
– Келіншегің, спорттық ғұмырыңа үйреніп те қалған шығар..
– Көндігуге тура келеді ғой (күліп). Үйде болғаным оған жақсы. Тек мен ғана емес, көп спортшының басындағы жағдай бұл.
– Спорттық ғұмырыңа өкпе жоқ шығар енді. Не айтасың?
– Өкпем жоқ. Барға қанағат, жоққа сабыр. Қасиетті Құранда да сабыр туралы көп айтылған. Тек спортта ғана емес, өмірде де бәріне төзу керек. «Дүние алма-кезек» деген осы. Спорттың түбіне жетпейтінің де белгілі. Жарыс дегенің таусылып бітпейді.
Спортта тәртіп керек. Сонда ғана жетістікке жете алмақсың. Бұған өзім куәмін. Тәртіпке бағынбағанның ақыры не болғанын. Сәпиевті алайықшы, мәселен. Иманды, еңбекқор спортшы. Спорттағы барлық жүлделерге қолы жетті.
– Нұржан Сманов аға бір әңгімесінде «Спортшыға тәрбиемен қатар білімді болуы ләзім» деген еді. Оқу жағы қалай болып жатыр?
– Қазір үшінші мамандық бойынша білім алып жатырмын. Түркістандағы ҚТУ-дың заң факультетінде. Алла нәсіп етсе, келесі жылы көктемде диплом аламын. Бұған дейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Спорт» факультетін тәмәмдадым.
– Қазан айының қорытындысы бойынша түзілген АИБА-ның рейтингінде де «жеңімпазсың». Бұл да бір қуаныш қой. Одан хабарың бар ма еді?
– Жағымды жаңалық екен. Зоу Шиминь бар кезде төртінші орынға дейін көтерілгенімді білемін. Қай қырымызды бағалағанынан хабарым жоқ. Бірақ АИБА мамандарының соңғы кезде қолға алған бір жобасы бұл. Оның да пайдасы тиіп жатады кейде.
– Әңгімеңе рақмет!


Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ


Baq.kz

2
Просмотров: 641 | Добавил: Jakup | Теги: қазақстан., бокс | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 1
0  
1 Jakup   (19.11.2013 15:07) [Материал]
Әй, азаматым-ай, риза қыласың-ау!

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Қараша 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика