Жұма, 03.05.2024, 23:01
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Тамыз » 9 » Қытайдың қолы қос омырауда тұр
10:27
Қытайдың қолы қос омырауда тұр


07 Тамыз 2013,

Астана. 7 тамыз. Baq.kz – Жаугершілік кездердегі соғыс тәсілінің бірі – қарсыласын судан тарықтыру. Құдық, бастау, бұлақ, өзен секілді су көздерін иеленіп алған жақ жауласқан тарапты шөлден тарықтырып, сілесін құртқан. Қазір ғой бейбіт заман. Бірақ, бейбіт уақыттың өзінде жымысқылықпен жаулық істету тоқтаған емес. Жаулық болғанда да жаңағы айтқан судан қаталату. Басқасын айтпағанда Ертіс пен Іле сынды қос алып өзеннің бастау көздерін ши аяқтарының табанына басып алған қытай суды білгендерінше бұрып-жырып, Қазақстанды сары уайымға салып-ақ отыр. 

Суды қажетке қарай пайдалану орынды жағдай. Бірақ өлермендік пен өзімшілдікке салынып басқалардың да қажеттігін ескермеуді не дейміз? БҰҰ-ның «Халықаралық Көлдер мен Трансшекаралық су көздерін пайдалану мен қорғау туралы» конвенциясына әдейі қосылмай отырған Қытайдың бұл қылығы анық жаулықты еске салады. Себебі, су барлық адамзатқа ортақ игілік. Өзен бастауын қайдан алды, аяғы қайда жеткенше аға береді. Суға шекара, зымиян қулық, астам ниет керек емес. Табиғаттың заңдылығы бойынша өз ағысымен кете барады. Бірақ, Қытай сынды озбыр ел халықаралық заңды да, табиғаттың заңын да аяққа басып отыр. Бүгін де суы таязып, арнасы ойсыраған Ертіс пен Іле өзені айғақ бұған. Санға жүгініп, есепке шұқшимасақ та көзге анық көрініп тұрған жағдай осы. Ал, Ертіс құрғаса Зайсан сынды көлдің қалай жойылатынын, өзенді жағалай отырған елдің судан тарығып, су қоймаларының қалай қаңситыны айтудай-ақ айтылып жатыр. Электр энергиясының қуаты кеміп, ылғалдығы азайған жердің тілім-тілім шөлге айналары да аз жыр болған жоқ. Іленің арнасы азайса Балқаштың қалай боз топырақты қаққа айналары, құрғақ ауа қаумалаған Сарыарқаның соры шыққан ақ далаға ауысып шыға келетіні де талай көңілді дір еткізген.


Трансшекаралық өзен мәселесі Қазақстан үкіметін де ойландырмай жатқан жоқ. Шабандау болса да қимыл бар. Бірақ, Қытай сынды елмен батыл-батыл сөйлесіп, кеудені көтере тұрып келісім сұрайтын жігер жоқ шенеуніктерде. Соны білетін қытай бұл әңгіме Президенттік деңгейдегі келіссөз дәрежесіне көтеріліп жатса да асыға қояр түрі жоқ. Ертіс пен Ілеге құятын өз жеріндегі өзендерді жалмауыз секілді жұтып қойып жатыр. Сөзді бұрыннан қозғасақ ол кезде Ертіс сынды дарияда алып кемелер жүзіп, жолаушылар мен сауда заттары тасымалданып жатады екен. Ол кезде Алтайдың асқар таулары да, одан бастау алатын тұнық сулы өзендер де еркін, бұла еді. Қытайдың қара тырнағы тимеген топырақта қазақ емін-еркін өсіп-өніп, судың тұнығын ішіп, шөптің сонысын жегізетін төрт түлігіне. Қазір заман басқа. Әңгімені қысқа қайырсақ «Батысты игеру» дейтін байбаламды бастағанына көп болған қытай Шинжаң секілді өлкенің батысы мен солтүстігіне сұқты көзін қадап, ішкі жақтан миллиондаған қара қытайларды қаптата бастады. Бұрынғы тақыр тастақ, құмды даланың бәрі егістікке айналды. Онымен қоса Алтай, Іле сынды жерлердің көрікті жайлаулары мен қыстау, күзеу, төлдеуліктеріне қол салған қытай жергілікті халықты да осындай жаңа ашылған жерлерге қамап бағуда. Сол жаңа ашылған далалардың бәріне суды аспаннан алмайтыны ақиқат. Қара шегірткеше құйылатын қытай егінді суару үшін ғана емес, ауыз су үшін ғана бүкіл Алтайдың өзендерін жұтып қоюға дайын. Іле мен Ертіске құятын өзендер бөгеліп су қоймасы жасалды. Арнасы бұрылып басқа жаққа ақты. Тіпті, Алтайдың таза суларын Қытай шығыстағы үлкен қалаларына бағыттап, таза ауыз су ретінде әкетуде. Қысқасы, қаптаған қара қытай алқалы Алтайды аударып-төңкеріп, суын білгенінше сапырып жатыр. Оларға «Әй!» дейтін айбатты ел, салмақты Үкімет жоқ. Тек осы секілді зар төккен қарапайым халық қана бар.


Шағын ғана дерек келтіріп, Ертіс туралы ақпарат бере кетейік. Ертістің Қытай жеріндегі су алабы 54 мың 518 шаршы шақырым, ұзындығы 633 шақырым екен. Өзеннің ең басы Көктоғай ауданының Қу Ертіс, Қайырты деген салалардан құралады. Осы екі сала Темекі деген жерде қосылып, тура оңтүстікті бетке алып ағады. Одан батыс солтүстікке кілт бұрылып Көктоғай, Алтай, Буыршын, Қаба аудандарының жерін ендей өтеді. Және осы өңірдегі барлық өзендерді қосып алып, Қазақстан жеріне кіреді. Нақты мәліметтерге қарағанда Ертіске үлкен-кіші 200-ден астам өзен келіп құяды екен. Бірақ, қазір сол өзендердің бәрі ту-талақайға түсуде. Ертістің орташа жылдық ағын су мөлшері 11 миллиард текше метрден астам болып, бүкіл аймақтағы ағын су мөлшерінің 90 пайыздан артығын ұстайды.
Қарап отырсаңыз Ертістің негізгі үш үлкен ағары бар. Яғни, негізгі су қорын толықтыратын маңызды су көздері. Бірінші, жоғарғы ағары Көктоғай мен Буырылтоғай аудандары жерінде жатыр. Бұнда Ертіске қосылатын салалар Қу Ертіс, Қайырты, Қара Ертіс, (Қара Ертістің үлкен салалары: Қара Ертіс, Жолты, Бала Ертіс) Тұрғын, Күрті. Бұл алап 14 мың шаршы шақырымды қамтиды. Екінші, орта арағы Алтай ауданына қарасты жердегі негізгі салалары Қыран, (Үлкен Қыран, Кіші Қыран болып бөлінеді) Шеміршек, Қандығаты, Алақақ. Бұл алап 14 мың 400 шаршы шақырым. Үшінші, төменгі ағары Буыршын, Қаба аудандарының жерінде. Ондағы салалар: Буыршын өзені (оның үлкен салалары Қанас, Қом, Сұмдайрық) Қаба, Білезік және Алқабек өзендері. Бұл алап 18 мың шаршы шақырым. Ал, Жеменей ауданы жеріндегі Ласты, Тасты өзендерін негіз еткен Сауыр тауы су алабы бұрын Ертіске құятын. Қазір ол жырылып, тосылып Қытайдың жерінде қалды. Оның су алабы 8 мың шаршы шақырым. Оған Сауыр тауынан ағатын Ласты, Шалшықай, Тасты, Қаржау сынды өзендер құяды.


Міне, кезінде Қазақтың Абақ керейінің ата қонысы болған атамекендегі тұнық сулы өзендер Ертістей анасынан айырылып жатыр. Бір ғана мысал, Буыршын өзені Алтай тауынан шығатын алқымнан тосылып, алып каналдар арқылы бөктердегі тасты, құмды жазықты суландыру үшін бұрылып кетті. Ал, Буыршынға құятын Сұмдайрық өзенінің астын үстіне шығарып алтын қазып жатыр. Арнасы басқа жерге ауысқан өзенді таудың ішінен тосып, «үлкен су электр станциясын салады екен де, электр қуатын арғы жақтағы Моңғолияға сатады екен» дейді жергілікті жұрт. Ал, Қаба өзенін тосып алып, Жылой деген су қоймасын салуда.(суретте).
Ертістің жоғарғы ағарындағы өзендерді де Қытай шектен тыс тосып, бұрып жатыр. Қарамайға қарай қазылған ені 30 метрге жуық, тереңдігі 9 метрдей ұзындығы 300 шақырымға созылатын алып каналға суды сол Ертістен алып ағызатыны белгілі. Бұл бұрыннан айтылып жүрген жайт. Ал, жұмбағы көп Қытайдың Ертіске құятын басқа да ерке өзендерге қандай жымсыма жоспар сайлап отырғаны белгісіз. Оны екі елдің мемлекетаралық келісіммен құрылған комиссиясы реттеп, біздің жақ анық-қанығын білуге тиіс. 2008 жылы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоның кездесу барысында қытай жағы Бірлескен комиссия аясында трансшекаралық өзендердің су ресурстарын бөлу жөнінде келіссөздер өткізу үшін техникалық жағдайларды талқылауға әзір екенін айтқан. Сонымен қатар қытай тарапы Трансшекаралық өзендер жөніндегі бірлескен комиссияны Ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комитеті тетігінің құрамына енгізу жөніндегі Қазақстанның ұсынысымен келіскен.


Ал, бір сөзінде Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Ерлан Нысанбаев «Бүгінгі күні біз трансшекаралық өзендердің бассейндерінде бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл жұмыстардың нәтижесі негізінде су бөлу бойынша Үкіметаралық келісімдер жасалады. Ол, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді және тең құқылы пайдалануға мүмкіндік береді» деген болатын. Ендігі үміт сол келісімдердің қандай күшке ие болатынында. Өйтпегенде онсыз да суға тапшы, ұланғайыр даласы болғанымен ағынды өзені аз Қазақстанның шөл далаға айналу қаупі шынымен күшті. Басқа жағынан көп алаң жоқ. Тек Ертіс пен Іледей сүтті қос омырау сынды өзенге қытайдың қара тырнақты қолы жиі жүгіргені намысқа тиіп, елге үрей салумен келеді.

Жебе НОЯН

Дереккөз:
Baq.kz

Просмотров: 971 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Тамыз 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
   1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика