Жұма, 03.05.2024, 18:04
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Қараша » 4 » Бастыққа бас ұру дерті
20:13
Бастыққа бас ұру дерті


Біздің қоғамды «бастыққа бас ұру» дейтін жұқпалы дерт биттей буып тұр. Астанадан аудан, ауылдарға дейін осы аурудан зардап шекпеген мекеме, түрлі іс орындары әй, аз-ау. Ол Сәбеттен қалған «мирас» дейді білетіндер. Баяғыда басекеңдер қоластындағы қарапайым қызметкерлерін қалай басынғанын Кеңестің кеңселерінде қызмет еткен кісілер жыр ғып айтады. Мысалы, бір бастық ішіп алып қарауындағы үйірлі қыз-келіншектерге оқыранып тұра шапқанда, бір әйел дарбазадан секіре қашам деп, қолын сындырып алыпты… Тағы бір бастық қарап отырып ақырып қалғанда хатшы боп жүрген ақ қоян қыздың жүрегі тарс етіп жарылып кеткен… секілді сорақы әңгімелер көп-ақ екен.

Біраз бастықтың уысында қоластындағыларды бидайдай қуыратын шексіз билік әлі де бар. Қызметкеріне қалай болса солай сөйлеу, ойына келгенді бұйыру, кез-келген жағдайда жұмыстан шығарып жіберу, жалақысын бермей қою секілді оспадарлықтар, ол үшін көңіл-күйі болмай қалған бір күннің бір сәттік шаруасы ғана. Құдай деген бірен-сараны болмаса, өз сөзіне қарсы пікір айтқанды қара есекке теріс мінгізіп жібіреді. Осындай әмір иелерінің қаһарына ұшырап қалмас үшін қоластындағылар қоғадай жапырылып, жақсы көрініп, жарамсақтанып бағады. Бастық қаласа, барлығы жиналып, қамыстың басындай ырғалып тұрып, хормен ән салуға бар. Әрқашан сақ болып, бастықтың айтқанын емес, айтайын деп отырғанын біліп алып, арықарай іліп әкетуі керек. Мұндай жағымпаздыққа бойы үйренген бәзбір басекеңнің менмендігі одан сайын асқынып, өзінің «боқ көтерген» (Абай) пенде екенін мүлде ұмытып қалады.

Бұл індеттің түбі орыстан екенін алаштың аймаңдай ұлы Жүсіпбек Аймауытовтың мына бір жазбасынан жазбай танисыз. «…Орыстың жақсы жағын жаттауға еліктеу – дұрыс та, кәпірлігін, мақтаншақтығын, рақымсыз, қызықшыл, қалташыл, антшыл «суық» шенеуніктігіне еліктеу, ақсүйек болуға, салтанат түзеуге, тұрмысын, жүрісін, үй ішін жат түрге салып, қазақтықтан қашыртуға еліктеу – үлкен мін, кемшілік. Бұ жағынан оқығандар арына төрелетіп, сақ болуы керек…» депті данышпан.(«Абай» журналы. 2 қазан 1918 жыл)

Қазақ баласы ғасыр бойы идеология ретінде жүрізуге татитын осы жалғыз-ақ сөйлемнің қадірін ұғып, ұстана білген болсақ, сықпытымыз бүгінгідей сыпырынды күйге түспес еді. Қазақ оқығандарының дені ол айтқандардан сақ болғанды қойып, сол жамандықтарды сарқа сіміріпті. Сімірткізіпті. Осы күнгі қазақтың дені бастықтықты орыстық салтпен сыйлауының өзі соның айқын көрінісі. Оны біздің кемтер сана кеңсенің әдебі деп санайды ғой баяғы. Мысалы, Мерген Мұратұлы деген бастығыңыз бар делік. Ол кісіге (жас шамасына қарай) Меке, Мерген аға, Мерген мырза деп үзіліп тұрсаң да еңсесі көтерілмейді. Тек мәнерлеп тұрып Мерген Мұратович деп қалыңызшы, сол сәтте әлгі кісінің жалы күдірейіп шыға келеді, жүзі сұстанып бастықтық образға келе қалады. Сонда ғана өзінің бастықтығын толыққанды сезіне алады. Әйтпесе, оның өзі әжептәуір қиын шаруа. Біздің қазіргі қалыптастырып алған бюрократизм – осы, орыстық «суық шенеуніктік» һәм құлдық сананың құрсауына түскен бейшаралық емей не?..

Қазақ қоғамында отарлықтан бұрын сайлаусыз шыққан билердің үкімі үстемдік құрғаны әммеге аян. Би ең алдымен қара қылды қақ жарған әділеттігімен өз үй ішіндегілерінің көзіне түскен. Бір іс туыла қалса өз үйіндегілер соның ақылына жүгінген, шешіміне риза болған. Оның мұндай ерекшелігін көршісі білген, біліктілігіне көзі жеткен. Одан ұлғая келе бүкіл ауыл оның турашылдығына бас шұлғыған. Ары қарай даңқы көрші ауылға тараған. Сөйте келе парасатын бүкіл ел мойындап, оны би деп танып немесе хан сайлап үкіміне бойұсынған. Ол шынайы даналық, үлкен еңбекпен біртіндеп келетін құрмет еді. Сонымен қоса олардың жалшысы да, малшысы да қатар отырып ас ішіп, әңгімесін тыңдаған. Қорқып емес, жақсы көріп сыйлаған. Айналасын даналық мысы басып отырған. Кейінгі «белгісізден би, белдеусізден үй шыққан» заманда ол орын таласып алатын, сатып алатын яғни қолдан жасалған дәрежеге айналды. Құны түсті. Абайдың «қазіргі болысты сыйлайын десем, сатып алған болыстықтың не қадірі болсын…» (қара сөзінен) деп көңіл суытуы сондықтан. Оның неге қадірі болмайтынын тағы да тарқатып айтады. «Атақ, абырой адамға өз аяғымен келсе көрік, ал, оны өзің іздесең, оған жетуің де, жетпеуің де мүмкін, бірақ адамшылығыңнан айырыласың» (қара сөздерінен) дейді жарықтық. Ауыр болмаса, бұдан да көп жайды аңғаруға болады.

Баяғыда біреу жаңа келген бастығының тілін алғысы келмей бұлғақтақтап жүргеніне өзін ақтап «кісі аты-жөнін білмейтін адамға бағынғысы келмейді екен» депті. Мұның да ар жағында шымырлап жатқан шындық бар. Ол одан бұрын (осы күнгі көп бастықтар секілді) пәлендей ісімен, біліктілігімен ел көзіне түсе қоймаса да, әке-көкесі сүйрелеп әне жер-міне жерге қолмен қойып жүрген біреу дегені ғой.

Жә, қалай десек те біз айтып отырған басшы мен қосшы арасындағы табиғи жүйе әлемде жоқ қазір. (Ондай жүйе ғасырдың алдында ғана қазақта болған ей!) Тіпті бір мекемеде қызмет істеп жүргендердің еңбекқор, адал, әділетшілдерінен гөрі залым, пысық, жеңұшынан жалғасқыш, елді шағыстырғыш, қу мүйіздерінің бастық болу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. Мұның да түбі қайдан екенін бағамдай отырыңыз…

Көне Мысырдан тараған мынадай бір тәмсіл бар екен. Бір патша таққа отырар кезінде үлкен ғұламадан: «қол астыма қандай қызметкерлер (мамлүктер) алғаным дұрыс» деп сұрапты. Сонда әлгі ғұлама: «мен Құдайдан қорықпайтындар мен Құдайдан қорқатындардың парқын айтып берейін, ары қарай өзің таңдарсың» депті. «Алдыңғылар сізден қатты қорқады, сыйлайды, не бұйырсаңыз да екі етпейді. Себебі олар рыздықты сіз беріп жатыр, бұдан айырылсам жағдайым жаман болады деп ойлайды, шын мәнінде ол рыздықты Құдайдың сізді себеп қылу арқылы беріп жатқанын білмейді. Ең қиыны, Құдайдан қорықпағандар Құдайдан басқаның бәрінен қорқады. Олар бар шаруаны қорыққандықтан ғана істейді. Көзіңіз тайса, басқа қорқатындарының көңілін табумен айналысады. Бұлар айналаңызды үрейге толтырады. Өздері де үрейде жүреді. Ең қиыны аз істі көп сөзбен күмитіп көрсетуге жанын салады.

Екіншісі, сізден қатты қорықпайды. Бірақ сыйлайды, бағынады. Олар шаруаны ең бірінші сізден қорыққандықтан емес, алған ақысының өтемі ретінде істейді. Оларға сіздің көзіңіздің тайғаны, таймағаны есеп емес. Жұмыстың өз дәрежесінде біткені есеп. Олар рыздық сіз арқылы болмаса басқа жерден табылатынын біледі. Патшалығыңызда Құдайдан қорқатын қауым қаншалық көбейсе, Құдайдан қорықпайтын басшы соншалық азаяды. Айналаға жайбарақат тыныштық орнайды. Олар сөзді істің көлеміне шақтап сөйлейді. Ал, оларды бағалағанда сөзіне емес, ісіне қарап таңдау керек» депті.

Осы тәмсілді оқып отырып сол баяғы арғы аталарымыздың болмысы еске оралады. Орыс отарлығы, Кеңес заманы тұтастай Құдайдан қорықпауға үндегенде, астарында өздерінен қорқыту саясаты жатыпты ғой. Бір халықтың болмыс-бітімін мүлдемге кері айналдырып жібере жаздаған зұлмат заман екен-ау ол.

P.S. Осы біздер бай, шенеунік, бастықтардың сыртынан «осылар неге шіреніп қалған, неге бүйтіп қалған, неге сүйтіп алған» деп үнемі күңкілдеумен жүреміз. Ал алдына барсақ су төгілмес жорғадай тайпалып, түлкідей бұлаңдап, алдына түсіп желіп, ыржаңдап, жасып, қорланып, жаңылысып, күлген боп, жылаған боп, жанасып, жағымсып… әй, өліп қала жаздаймыз-ау. Тіпті ол сенің тікелей бастығың немесе қазаныңа ас салып отырған адам емес бола тұра (тікелей қоластындағылардың не жаны жүр десеңші) солай істейміз. Енді олар шірінбегенде кім шіренеді ей? Олар мұрнын шүйірмегенде кім шүйіреді? Олар талтаңдамағанда кім талтаңдайды?!. Түзу ағаштың бір басы қаншалық төмендесе, екінші басының соншалық биіктейтіні секілді заңдылық бұл.

Бастығыңа бағынба, бай-бағланды сыйлама деп отырған жоқпыз әрине. Ондай кесім айтатындай құзыретізімде жоқ біздің. Шариғатта «басы мейіздей қара құл саған бастық сайланса, соған бағынасың» деген үкім бар. Оны былай қойғанда саңлақ сахабалар тұсында иманы бекем шын мүминдердің өзінің басшылыққа тағайындалғанын естігенде жауапкершіліктен қорқып талып қалғанын естіген боларсыз. Олардың онысы мүйізсіз қошқардың мүйізді қошқарға кеткен есесін алып беретін ахирет күнгі Алланың әділ соты алдында жаны түршігіп қорыққаны. Бұл қоластындағы адамдардың тағдырының белгілі мөлшері басшыға байланысты болатынын, қиянат жасалса, ол тегін кетпейтінін, яғни «судың да сұрауы барын» білген сүйікті құлдарының сипаты ғой. Ол өз алдына бөлек әңгіме!..

Ал, біздің айтпағымыз басқаша жай. Есіңде болсын ер жігіт, алдын көргенде артықша бұлаңға салынған екенсің былай шыға бере «пәлен неме неге сонша шіренеді» деп сыртынан сыбама. Ол сөзіңнің астары есті адамға өзіңнің жағымпаз жорғалығыңды пәш етіп тұрады. Тәмсілдің айтуынан білгеніміз, ақысына сай адал қызметін қылып, адаммен адамша қатынас құрып, рыздығыңды Алладан сұрар шын мүминнің қатарын молайтсаң, дүние-малымен ықтырып кісі басынғыш бастықтар азая бермек-дүр!..

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

http://kazaitys.kz

Просмотров: 650 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Қараша 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
    123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика