Өзбек билігі Шанхай
ынтымақтастық ұйымының «Бейбіт борыш – 2012» лаңкестікке қарсы оқуларына
қатысу үшін Тәжікстанның солтүстігіне бет алған Қазақстанның әскери
техникасын өз аумағынан өткізуден бас тартты, деп хабарлайды MIGnews.
«Өзбек
билігі Қазақстанның әскери техникасын өз аумағынан өткізбей қойды.
Қазақстан Қарулы күштерінің жеке құрамы мен әскери техникасы лаңкестікке
қарсы оқуларға қатысу үшін Өзбекстанды айналып өтіп, Қырғызстан аумағы
арқылы Тәжікстанға жеткізілді», – деді Тәжікстандағы Қазақстан
елшілігінің дипломатиялық қызметкері Серік Жұмаділов. Сондай-ақ, Ташкент өз шешімінің себебін түсіндірмегенін айтты.
Екі
күнге созылған «Бейбіт борыш – 2012» оқулары бейсенбіде аяқталды.
Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Ресеймен бірге Өзбекстан да
ШЫҰ-ның тең құқылы мүшесі болып табылады. Бірақ Тәжікстандағы оқуларға
қатысудан бас тартты.
Тәжікстан мен Өзбекстан ШЫҰ және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше болғанымен, екі ел арасында дүрдараздық көп.
Bnews.kz
Фотосурет megapolis.kz сайтынан