Жұма, 03.05.2024, 09:20
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Қыркүйек » 1 » Тарихымызды қалай зерттеп жатырмыз?
22:34
Тарихымызды қалай зерттеп жатырмыз?
Жамбыл облысы ежелден тарихи мекеннің бірі. Облыс орталығы көне Тараз шаһарының екі мың жылдық тарихы бар. Облысымызға қатысты ең көне ескерткіш Қаратау бөктеріндегі полиэлит дәуіріне жататын Тәңірқазған, Бөріқазған ескерткіштері. Ал, Тараз қаласының көне ескерткіштері әлемнің ең үздік сәулет өнерінің қатарынан саналады.

Хамит Есаман

Отандық тарихшылардың болжауын-ша, ежелгі Тараз шаһары бастауын алғашқы І мыңжылдықтан алады. Тарихи деректерде сол уақыттарда адамдар алғаш рет Таласқа қоныстанған делінеді. Қаланың негізі біздің заманымызға дейінгі 1 және 100 жылдары қалыптасқан деп те айтылады. Осы бір көне шаһардың ҮІ ғасырда түркілердің астанасы болғаны белгілі. Ал, Х-ХІ ғасырларда Қараханидтер әулетінің астанасы болды. Тараз шаһары республика бойынша ежелгі қалалардың бірі болғандықтан, ол туралы деректерді б.з.д. І-ғасырдың ортасындағы Қытай жазбаларынан көруге болады.

Тараздың тарихилығын айқындайтын сәулетті кешендер әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Айша бибі, Қарахан, Бабаджа Хатун, Тектұрмас кешендері ғасырлар қойнауынан сыр шертеді. Және көне шаһардың шырайын кіргізіп, рухын асқақтатқан Х-ХІІІ ғасырлардың туындысына жататын Шығыс моншасы да сирек кездесетін жәдігерлердің бірі. Оны 1973 жылы Жамбыл облысының тарихи-өлкетану мұражайының экспедициясының арнайы жасағы зерттеген екен.

Және қаламыздың күншығысында орналасқан ҮІІІ-ІХ ғасырларға жататын Ақыртас сарайшық кешені де бүгінде қызықты әрі құпиялы тарихи орындардың бірі болып отыр. Ғалымдардың пайымдауынша Ақыртас кешені 1714-1715 жылдары араб қолбасшысы Күтейбінің бұйрығымен салынған екен. Ақыртастың тарихы 130 жыл бойы зерттелген, әлі де зерттелу үстінде.

Жамбыл жерінің тарихи жәдігерлері мұнымен шектелмейді. Тараз жеріндегі әлдеқайда тарихи, әлдеқайда ауқымды кешендер бүгінде әлемге әйгілі. Дегенмен, сол тарихи орындар мен көне кешендер бүгінде зерттеліп жатыр ма деген ой да қылаң береді кейде. Келешек ұрпақ үшін бұл құндылықтардың маңызының бұдан да арта түсетіндігі сөзсіз. Бұл мәселе төңірегінде осы саланың арнайы мамандарымен пікір бөліскен едік...

 

Сауран ҚАЛИЕВ, археолог:

– Ортағасырлық Тамды қаласы қазіргі Жамбыл облысы, Талас ауданының орталығы Қаратау қаласының солтүстік-батыс бөлігінде Тамды өзенінің оң жағасында орналасқан. Ұлы Жібек жолы тек Тараз арқылы өтіп Оңтүстік Қазақстанға  Испиджаб бағытында кететін болса, Тараз қаласынан бірнеше керуен жолдары шыққан. Олардың бағыттары әртүрлі болған.

Мысалы, солтүстік бағытында қимақ-қыпшақ еліне кететін керуен жолы Талас өзенінің бойымен жүрген. Талас өзенінің бойында да бірнеше ортағасырлық қалалар бар. Сол қалалардың барлығын байланыстырып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына ортағасырлық осы керуен жолдары көп әсер еткен.

Міне, осы сияқты Қаратау арқылы Тараз-Саудакент бағытындағы ортағасырлық керуен жолының бойында орналасқан ортағасырлық Тамды қаласы сол кездегі Саудакент бағытында жүрген керуен жолында белгілі бір дәрежедегі мәдени-сауда орталығы болып саналған. Ол қалада республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ең алғаш 2009 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Тарих ғылымдарының докторы Мадияр Елеуов бастаған археологиялық топ Тамды қаласын Тамды өзені су шайып жатқан бөлігіне қазба жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың барысында қаланың қамалы зерттелді. Қаланың қамалының қалыңдығы 6 метр екендігі, оның биіктігінің 8-9 метр болғандығы анықталды. Бұл қала белгілі бір дәрежеде үлкен мәдени орталыққа айналғандығын көрсетті. Бұл қаланың ішіндегі тағы бір қызығатын нәрселер, қаланың орталық бөлігіндегі қалдық сулар. Және қалада көктемгі, жазғы су қалдықтары ағып кететін құбырлар болған. Сол құбырлар арқылы қалдық сулар қаланың сыртына шығып отырған. Сонымен қатар Тамды өзенінен қаланың ішіне су құбырлары тартылып, халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған. Жүргізілген қазба жұмыстарына байланысты, ортағасырлық Тамды қаласында ұлттық ерекшелігімізді білдіретін сәулет өнерінің керемет сақталғандығын байқадық. Ол жердегі бөлмелердің есіктерінің үстіңгі жақтарының күмбезделіп жабылуы Өзбекстан, Түркменстан, Оңтүстік Қазақстан жерлеріндегі ортағасырлық қалаларға тән дүние болатын. Сол дүние бізден де табылды. Және бұл жерден бояулы, бояусыз ыдыстар шықты. Бұзылмаған құмыралар, құтылар, көзелер табылды. Солардың арасынан басты назар аударатын нәрсе қанатты барыстың кездесуі. Бояулы табақтың түбіне қанатты барыстың бейнесі бейнеленген. Оның сыртын шыңылтырлап тастаған. Бұл енді түркілердің заманынан бері қарай қалыптасқан дүние болуы керек.

Жалпы, қазақтың аңыз-әңгімелерінің өзіне қарасақ, бұл қанатты барыс сол кездегі ұлттың ойлау жүйесінен туындаған сияқты. Екінші бір таңғалатын нәрсе, жүргізілген қазба жұмыстары барысында арнайы табынатын бөлме бар болып шықты. Бөлменің солтүстік-шығыс бөлігінде үлкен құмыра тұр. Құмыраның жанынан құстың сирағынан жасалған сыбызғы табылды. Біз ол сыбызғыны ғалымдарға апарып көрсеткенімізде, олар мұны дуадақтың сирағы деп тапты. Мұндай дүниелер кез-келген жерден шыға бермейді.

Сосын қамалдың ортасында арнайы дәліз болған. Бұл арнайы иректеліп өрілген, ол жермен жасақтар жүрген. Осы жолдарды тазарту барысында да қоладан жасалған жебенің ұшы, найзаның ұшы табылды. Сол қамалдың ішкі үлкен бөлмесін тазарту кезінде құдықтың бейнесін көрдік. Бұл су сақтайтын хауыз болса керек. Өйткені құдықтың су құбыры екі метрге дейін сақталған, ары қарай бұзылып кеткен. Жалпы алғанда, Тамды қаласының сақталу деңгейі өте төмен. «Жамбыл облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік мекемесінің мұрындық болуымен 2010-2011 жылдардаан бері қазба жұмыстары жаалғасып келеді. Сол кезде қаланың қазіргі сақталған бөлігін қорғау аймағы белгіленді. Сыртының барлығы да арнайы құралдармен қоршалды.

Қала әсіресе, Қаратау қаласының салынуы кезінде әр түрлі шаруашылық жұмыстарының жүргізілуіне байланысты өте қатты бұзылған. Топографиялық құрылымы өзінің келбетінен айырыла бастаған. Қаланың бұзылуының бірінші себебі – осы. Екінші табиғи фактор – қар суларының еруі, жауын-шашынның мол болуы барысында қаланың солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс бөліктері қатты бұзылып кеткен. Қазіргі сақталғаны тек қана қаланың орталық бөлігі. Қазба жұмыстары сол жерде жүргізілді. Жұмыс барысында 8 бөлме және үлкен аулалар ашылды. Бұл жерде қазба жұмыстары алдағы уақыттарда да жүргізіле беретін болады.

 

Сейітжан ІЛИЯС, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы тарих және археология бөлімінің меңгерушісі:

– Облыстық әкімдіктің қаржыландыруымен ежелгі Тараз қаласында қазба жұмыстары жүргізілуде. 2011 жылдан бастап бұрынғы көк базардың орнындағы қаланың орны қазылып жатыр. Мақсатымыз – екі мың жылдық тарихы бар көне шаһардағы мәдени қабаттарды анықтау, археологиялық жәдігерлерді халыққа көрсету. Осы аяда ашық аспан астындағы «Ежелгі Тараз мұражайының» жобасы жүзеге асып жатыр. Сол арқылы ішкі және сыртқы туризмді дамыту көзделген.

Бүгінде ҮІІ-ХІІ ғасырларға жататын Бектөбе қалашығы мен ортағасырлық Тамды қалашықтарында қазба жұмыстары жүргізілу үстінде. Мақсат – қала тарихын кешенді түрде зерттеу, Ұлы Жібек жолы бойындағы басқа да қалаларды ашу және халықтың сол кездегі өмір сүру деңгейін анықтау.

Мәселен, Кеңес өкіметі кезінде қазылған қалашықты қайта көміп тастайтын болған. Ал, бүгінде қазылған нысандарды сақтап қалу, нақты тұрған жерінде көрсету басты мақсат болып отыр.

Біздің мекеме ТарМУ, ТарМПИ, ТИГУ секілді жоғары оқу орындарымен келісім-шартқа отырған. Олардың І курсты тәмамдаған студенттері археологиялық іс-тәжірибеден өтеді. Жәдігерлерді өңдеу, оларды сақтауды тек теория жүзінде біліп қоймай, нақты іс арқылы көреді.

Сондай-ақ облыс әкімдігінің мәдениет басқармасының бастамасымен «Жамбыл облысы тарих және мәдениет ескерткіштерінің жинағы» жарыққа шықты. Ол жинақ облыс бойынша 9 ауданды қамтыды. Келесі жылы толық 10 аудан қамтылатын болады. Және облыс бойынша барлық тарихи маңызы бар ескерткіштер мемлекеттің қорғауына алынады.
Дереккөз: Арай.

Просмотров: 1091 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Қыркүйек 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика