Türkıye
газетінің ақпараттарына қарағанда Тұрғыт Өзалға алғашқы медициналық
жәрдем көрсеткен Хажеттепе ауруханасының мәліметтерінде көптеген
қателіктер кеткен. Әсіресе, хал үстінде жатқан президентті медицина
факультетінің 5 және 6 курс студенттерінің қарағандығы, Өзалдың
қайтыс болған уақыты 1993 жылдың 17 сәуірі күні сағат 14.30 деп
көрсетілгенімен, сол күні радиолар 11 сағат 15 минутта және 11 сағат 30
минутта Президенттің қайтыс болғандығы туралы ақпараттар таратқаны
белгілі болды. Тұрғыт Өзал Хажеттепе ауруханасының жедел жәрдем
бөлімінде 1 сағаттан астам дәрігерлердің қарауынсыз жатқан. Бір сөзбен
айтқанда Тұрғыт Өзалға медициналық көмек көрсетілмеген. Тағы бір құпия
жағдай сол күні Тұрғыт Өзалға қатысты медициналық құжаттарда көптеген
қайшылықтар шыққан. Тіпті, екі түрлі ауруханаға жеткізілгендігі де
айтылыпты. Сырқатқа алғаш көмек көрсеткендердің, қан алып, қысымын
өлшегендердің ешқайсысының аты-жөні мен қолы медицина мекемесінің
журналдарында жоқ. Қысқасы, Түркияны гүлдену дәуіріне бастаған
президентке қастандық жасаушылар із жасырудың барлық амалдарын
қарастырса керек.
1993 жылдың 17 сәуірінде аяқ астынан қайтыс болған Тұрғыт Өзалдың
қазасына қатысты түрлі алып-қашпа әңгіме түркиялықтардың арасында кең
тараған еді. Өйткені, Тұрғыт Өзал қайтыс боларының алдына 12 күн бойы
Қазақстан мен Орта Азия елдеріне, Әзербайжанға ресми сапар жасаған
болатын. Осы сапарынан кейін 2 күн өткенде Тұрғыт Өзал көз жұмды. Оның
өліміне қатысты талай болжамдар айтылды. Көбі Түркияның 8-ші
Президентінің уланғандығын алға тартатын еді. Бірақ, қастандықты кім
ұйымдастырғандығын ешкім білмейтін. Бәлкім, содан да болар Түркия
президенті Абдулла Гүл арнайы тапсырма беріп, мәселенің ақ-қарасын
анықтауды Мемлекеттік бақылау кеңесіне жүктеген болатын. Кейінірек
Түркияның сот медициналық сараптама институты Тұрғыт Өзалдың денесінен
DDT (dikloro difenol trikloroethan), кадмий (ауыр метал), америций мен
полоний (радиоактивті заттар) тапқан. Алайда, Өзалға қастандықты
кімдердің ұйымдастырғаны, оны қалай жүзеге асырғаны әзірге анықталған
жоқ. Біреулер Күрдістан жұмысшы партиясы десе, енді біреулер Түркияның
әскерилері екендігін айтатын. Тіпті, Сулейман Демирелден
күдіктенетіндер де бар. Дегенмен, құпия өлімге қатысты тергеу жұмыстары
әлі жалғасып жатыр. Түрік мамандары Тұрғыт Өзалды өлтіргендерді
анықтамай тыншымайтын тәрізді.
«Жебе» газеті, 18 шілде 2013 жыл