Дүйсенбі, 06.05.2024, 07:27
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Қазан » 31 » Бейбіт САПАРАЛЫ:«ШАМ-ШӘРИФ ДЕП АТАҒАН АТАМ ҚАЗАҚ!»
19:52
Бейбіт САПАРАЛЫ:«ШАМ-ШӘРИФ ДЕП АТАҒАН АТАМ ҚАЗАҚ!»



Газетіміздің өткен аптадағы санында жарияланған журналист Амангелді Құрметұлының «Балаңды қаңғытпа, қазақ» атты мақаласына пікір білдіргендер мен ой қосушылар көп болды. Ұлтымыздың тағдырына алаңдаушылық танытқандардың арасында қоғам қайраткері, жазушы, дінтанушы Бейбіт Сапаралы мырза да бар.... Әңгімемізді сұхбат түрінде беруді жөн көрдік, ендеше, Сіздер де ой қосыңыздар, құрметті оқырмандар...

ЖЕБЕ: Сирияға «жиһад» үшін барған қазақ балаларының, қазақ отбасыларының тағдырына, іс-әрекеттеріне кімдер жауапты деп ойлайсыз?
Бейбіт САПАРАЛЫ:
Ең әуелі өздері. Онан соң қазіргі қазақ қоғамы. Ал ең бастысы осы шайтани жобаны ұйымдастырып, қаржылай демеп, жеріне жеткізуге тырысып бағып жатқан халықаралық лаңкестік тобыр жауапты.
ЖЕБЕ: Елімізге, ұлтымызға қандай қауіп бар мұндай жорықтардан?
Бейбіт САПАРАЛЫ:
Төте саяси, экономикалық қауіп көріп тұрған жоқпын. Дегенмен идеологиялық, қауіпсіздік тұрғысынан алуан астарлы қатерлері бар. Ел ішіне селкеу түседі, ұлттық мүддеге іріткі салынады. Адамдар санасында рухани дағдарыс нышандары қылаң береді. Билікке өкпелі, күнкөріс ахуалы мүлдем төмен деңгейдегі қауым көкейінде жаңсақ бағыттағы, екі дүниесінде орға оңдырмай жықтыратын жалған мұраттар тынбастан азғырып қылаң береді.
ЖЕБЕ: Сирияға қазақ керек пе? Әлде бұл батыстың, АҚШ-тың жымысқы әрекеті ме, бұларды қаржыландырған, зомбиге айналдырып өрімдей жастарды адастырғандар кімдер болуы мүмкін?
Бейбіт САПАРАЛЫ:
Әлбетте, Сирияға, Шам-шәрифке, шарапатты Шам еліне-жеріне Қазақтар керек! Керектігі осыдан мың жылдар бұрында мықтап дәлелденген. Димашықта – Дамаскіде Әбу Насыр әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыс бабаларымыз мәңгілікке тұрақ табуы, Елбасының 2007 жылы олардың қабірлерін зиярат етіп, арнайы үкімет шешімімен қаржы бөлдіртіп, қабір басындағы қадыми ғимарат пен кітапхана орталығын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргіздіртіп, адамзаттың аталған екі алып тұлғасы қабір басына қазақша және арабша оларды4 қазақ сахарасының айтулы перзенттері екендігін бадырайтып жаздыртып қоюы да Сирия халқына қазақ елі-жұртының қаншалықты қадірмен екендігін айғақтай түссе керек. Кешегі Абылай хан мен Төле би бабаларымыз да Шам-шәрифтің шарапатын айтып өткен. Құнанбай мен Шаһкәрім секілді қазақ қажылары да Шам-шәрифті жадынан тастамай қадір-қасиетін айтып отырған. Тәуелсіздік алған тұста, өз тарихи бастауын еш түп-тұқияндап айта алмайтын жаһандағы жалғыз ғана қала – Димашықты зиярат етіп, оның төңірегінде жерленген Адам Атаның ұлы Абылдың, азаншы хабаши Біләлдің, ардақты пайғамбарымыздың сүйікті жұбайларының, т.б. қабірлерін зиярат ете отырып Шам-шәрифтің бүгінгі болмысына көз сала толғанған қаншама отандастарымыз болды десеңізші?! Тіпті, Шам-шәрифте екі жылдай өмір сүріп, әл-Бути бастаған ғұламалармен, ислам тариқаты өкілдерімен жақын достасып кетіп, қазақ елінің қазіргі ахуалын жан-жақты танытып үлгерген, шайтани соғыс өрті тұтана бастаған шақта ғана нұрланған Мединеге қоныс аударған шейх Құрбанәлі Ахмедтің өзінен таңды таңға ұрып Димашық әсерлерін тыңдай беруге әбден болады. Сирияда білім алған өрен жастарымыз да Шамның не себепті шәриф болғандығын дәлелдеп берер көптеген әңгімелер басын қайырар еді... Солай дей тұрсақ та, шалғайдағы мұсылман еліне, ешкімге соқтықпай, ешкімнен қарызға қаржы алмай, өз беттерінше күн көріп, алуан дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан елге қару ұстап барған 150 қазақтың, соңғы үш жыл бедерінде көк қағаздың алдарқатуымен Сириямен шекаралас аймақтардағы лаңкестік лагерлерде арнайы жаттығудан өтіп, қолдары белшеден қанға малынып, өтеуіне көк қағазды құшақтап елге оралған иманы жоқ, ар-намысы жоқ, діннен еш түсінігі жоқ кейбір қазақ жастарының содырлық пиғылын жалпы қазақтың Сирияға деген пиғыл-ниетімен еш астастырып қарай алмаймыз. Қасиетті зул-хиджа айында бөтен ел тұрғысында жаман ой ойлаудың өзі қаншалықты үлкен күнә десеңізші?! Балиғатқа жетпеген, оң-солын танымаған балдырған сәбилерді арандатудың өзі, өмірлерін қатерлі жарға апарып соқтыртудың өзі қаншама зор күнә?! Шайтани батыс алпауыттары ұйымдастырған Шам-шәрифтегі Тажалдың әскерлері, күллі мұсылманға қымбатты Шам-шәрифтегі бүгінгі болып жатқан Үшінші дүниежүзілік соғыс салдары күні ертең ақырзаманға апарып соқтырып, Алланың қаһарына оңдырмай ұшыратуы әбден мүмкін. Сол себепті, барлық адамзат баласы алапат соғыс өртін үрлемей, шама-шарқы жеткенше оны біржолата сөндірудің айла-шарғыларын іздестіргені абзал. Қазақ мемлекетінің де бұл орайда қосар үлесі ұшан-теңіз.
ЖЕБЕ: Сирияға жиһадқа кеткендер бұлар ғана емес, осыған дейін де топ-тобымен кеткен деген ақпараттар бар, бұл жайында қандай пікіріңіз бар?
Бейбіт САПАРАЛЫ:
Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Сыртқы барлау қызметкерлеріне бұл мәселе жақсы таныс болса керек. БАҚ-тағы ақпараттарға сенсек те солай, әсіресе, Қазақстанның батыс аймақтарынан көп жастар барған сияқты. Шыңжан өлкесінен де қазақ, ұйғыр, дұңған мұсылман жастарын ақыл-естерінен адастырып, көрші қырғыз бен тәжік елі арқылы апарып жатыр екен деген жедел ақпараттар бар. «Сириядағы жиһадқа» такфирлік, салафтық тұрғыдан шайтани фатуасын берген Юсуф Карадауи сияқты шейхсымақтардың теріс пәтуалары да мұсылман жастары арасында дүрдараздық дертін таратып, отқа май құя түскендей. «Туристік жиһад» деген аса қатерлі шайтани ұғымды ойлап тапқан батыстық зерттеу орталықтарының тажал қармағына түсіп қалып жатқандар лаңкестігі де сол қатарда. Бір сөзбен айтқанда, табаны күректей үш жыл ішінде әлемнің барлық түкпірінен неше түрлі ұлттардың өкілдері жиналып, бейбіт жатқан сирия араб халқын аяусыз қырып-жою үстінде. Жаһанда әділеттік пен демократия орнатамыз деген алпауыт мемлекеттердің өзі жымысқы әрекеттерімен солардың алдыңғы қатарынан орын алуда. Адамзат баласы болып бұл қиянатқа үзілді-кесілді тосқауыл қоймаса, азаматтық соғыс өрті көрші елдерге де тез таралып кетуі оп-оңай.
ЖЕБЕ: Елімізде орын алып жатқан түрлі жарылыстардың, осындай «жалған жиһадшылыққа» аттанудың астарында не жатыр, алдын алуға қандай органдар, мемлекеттік билік араласуы тиіс деп ойлайсыз? Қолымызды мезгілінен кеш сермеп отырған жоқпыз ба?..
Бейбіт САПАРАЛЫ:
Иә, ашығын айтқанда қолымызды мезгілінен кеш сермеудеміз. 1992-2013 жылдар аралығында осы қауіп-қатердің алғы шарттарын айтып, БАҚ беттерінде, алқалы жиын мінберлерінде, Елбасы атына жазылған ресми хаттарда осы өзекжарды мәселенің тездетіп алдын алмасақ болмайды дегенімізде, ҚМДБ-ның сол кездегі басшылары атына еш әрекет, тиісті насихат жасамай отырғандықтары үшін қатты-қатты сындар айтқанымызда, Ақордада лауазымды қызмет атқарып отырған кейбір басшылар 2000 жылдың өзінде біздерге күле қарап, «тыныш жатқан мәселені ойдан шығарып ушықтыра бермеңіздер, өздеріңіз бас муфти болғыларыңыз келіп жүрген ниеттеріңіз де бар сияқты, ал ол мәселе басқаша шешіледі» деп пендешілікпен көңілдерімізге тиіп жауап қатқан. Ал сол кісілердің ең дөкейі жақын арада парламент төрінен дабыл қағып, діни теріс ағым салдарынан еліміз лаңкестіктің ең қиын кезеңінде тұр, тіпті қауіпсіздік комитетінің өзі бұл орайда ушыққан жағдайды сейілтуге дәрменсіз халде деп ресми пікір айтуда. Арыға бармай-ақ, Құрбан айттың бірінші күні, яғни 15 қазанда Алматының Әуезов ауданының бір мектебінде лаңкестер әрекет ете бастағанда қауіпсіздіктің көптеген жауапты адамдары хабарсыз қалып, оқиғаның барлық бояуы сіңіп болған соң ғана тиісті орыннан табылған болатын. Бас прокуратураның 2050 жылға дейінгі діни лаңкестік пен экстремизмге қарсы күрес бағдарламасын дайындау жөніндегі жұмысшы тобының мүшесі болып табылатын біздер бұл оқыс оқиғадан мүлдем қағыс қалғанбыз. Ал оңтүстік мегаполисте такфирлер мен салафтардың аса қауіпті саналатын бір мыңнан астам мүшелері ҚР ҰҚК-інде тіркеуде тұрғанын ескерсек, залымдық қатері қаншалықты ауқымға өрістеуі мүмкін екендігін бағамдай беруге болады. Діни лаңкестікке қарсы күресу, салафтыққа қарсы тұру тұрғысынан көрші Қырғызстан, Сирия, Иран, Сауд Арабиясы, Түркия т.б. елдердің тәжірибесі, үйренуге тұрарлық айла-шарғысы мол. Ресейде соңғы 5 жылда бұл мәселемен 5 тіл білетін шығыстанушы маман, ФҚҚ-нің генерал-лейтенанты, РФ Президенті аппараты басшысының кеңесшісі А.А.Гришин арнайы қомақты қаражат  бөліп, тыңғылықты айналысып келеді. Ол кісінің арнайы өкілі, шығыстанушы-кавказтанушы белгілі маман, Дағыстандағы Саид әпенді Чиркейскийдің шәкірті Г.А.Хизриева өткен жылдың соңында Алматыға арнайы келіп, діни радикалды секталармен күресу тұрғысында атқарып жатқан қыруар іс-шараларымен бөлісіп, біздермен бірге осы аталған бағытта ортақ бағдарламалар жасау ниеттерімен бөліскен болатын. Бір өкініштісі, Ресейде тастүйін жұмылып іс-әрекет ете бастаған осы белгілі топтың 16 мүшесінің жарымы соңғы он жыл бедерінде лаңкес сектанттар қолынан қаза тапқан екен. Сириядағы ахуалды, АҚШ, Еуропа, Қытай, Иран, Түркия мен Ресейдегі қайта қалыптасу үрдістерін – «переформатирования» салдарын саясаттанушы, тарихшы, дінтанушы, фәлсафашы, дипломат, мемлекеттік және әскери қызметкер, т.б. білікті мамандармен күнде дерлік сөз етеміз. Мәселен, жақында ғана Алматыда Сирияның біздің елдегі құрметті консулы, 1993 жылдан бері Қазақстанда тұрып жатқан сириялық араб досымыз, 2009 жылдан бері Қазақстан азаматтығын алған кәсіпкер-дипломат Дирех Самир, «Отаным-елім» халықаралық заң компаниясының басшысы, белгілі заңгер Омар Саид, Сауд Арабиясында тұрып жатқан отандасымыз, бірнеше тілде еркін сөйлей беретін Нақышбандия тариқатының белді өкілі, шейх Құрбанәлі Ахмед, сонымен қатар Иран мен Ауғаннан келген қонақтар бас қосып, Сирияда болып жатқан қанды оқиғалардың алғы шарттары мен келешектегі шешілу жолдарын, оның Орта Азия елдеріне тигізер зардаптарын бүкпесіз жан-жақты талқылаған кешкі пікір алмасу, сұхбатымыз соның бір парасы десек болады.
ЖЕБЕ: Осыдан 15-20 жыл бұрын да талай боздақтарымызды діни білім аламыз, «нағыз мұсылман боламыз» деп арандатып, мұсылман елдеріне асырып, тағдыры белгісіз күйде келмей қалған қаракөздеріміз жайында білесіз... Осы туралы да айтып берсеңіз... Бүгінгі соның жаңа формасы емес пе?...
Бейбіт САПАРАЛЫ:
Өте орынды сауал. Шетелде, оның ішінде араб елдерінде діни ілім-білім алуға кеткен қандастарымыздың тағдыр-талайы қиын күйде қалып келді. Экс-муфтилер олардың Құран мен хадистен, ақида мен фикхтан терең ілім алуынан тайсақтап, арабша жетік білуінен қорқасоқтап, оларды біз жолдама беріп жіберген жоқпыз, үйренген ілімдері де басқа мазхаб негіздерінде деген секілді түрлі сылтаулар айтып, барлық жауапкершіліктен бойларын аулаққа салуға тырысып бақты. Жүздеп емес әлденеше мыңдап оқу тауысып келген олар діни ортада, қоғамда, бизнес қауымда, кәсіпкерлікте, мемлекеттік қызметте өз орындарын таба алмастан сенделіп, сеңдей соғылысып, ақырында күнкөріс қамымен күмәнді діни қорлардың, бүлікшіл шетелдік топтардың уысынан шығармас шеңгеліне ілікті. Азғантай бөлігі ретін тауып қайтадан қыр асып кетті. Бұл мәселе біздің қозғауымызбен Қауіпсіздік кеңесі отырысында, Үкіметтің, Сыртқы істер министрлігінің алқалы жиынында бірнеше мәрте қозғалды. Өкінішке орай мәселенің түп шешімін іздеуде барлық дертті ҚМДБ-ның басшылығы тарапына сілтеп тастап қана шектелген олар, рухани дерт шипасын таппай онан сайын асқына түсетіндігіне шарасыз куә болумен қанағаттанды. Ал 2006 жылғы Каирдегі әл-Азхарда 24 қазақ тәлабаларын бетперде киіп келіп Мысыр жасақтары тұтқындап, діни экстремизм баптары бойынша айыптай бастаулары, біздер Елбасы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия хатшысын қосып ҚР Сыртқы істер министрлігіне арнайы нота жолдатып сұрау салдыртып, БАҚ арқылы қиқу көтергеннен кейін ғана ушыққан мәселе түбірімен басқаша шешілуі, сол күндерде муфтият тіс жарып ауыз ашпауы, арада 6 жыл өткеннен кейін бас муфти болып Каирде көп жыл оқыған жас имам қызметке тағайындалуы бірқанша жайдың құпия сырларын алдымызға айқара жайып тастағандай. Қазіргі таңда, егер бар болса, діни оқу ордаларында дәріс алып жүрген шеттегі қазақ қандастарымыз қараусыз қалмай, әрдайым  бақылауда, назарда болуы тиіс. ҚМДБ-ның оларға деген көзқарас-ниеттері де түбірімен өзгертілуі қажет.
ЖЕБЕ: Жалпы дінтанушы ретінде сауалдар: Жиһад дегеніміз не? Оның бүлікшілікке, терроризмге қатысы жоқ қой, осыны ашып түсіндіріңізші. Бейбіт елде тұратын жастардың қырғынды соғыс жеріне аттануы «Халифат құру арманынан ғана туған ба, әлде...?» Санасы уланған жастардың бетін қайтару жолдары қайсы?
Бейбіт САПАРАЛЫ:
Ислам ғұламалары, мұсылман уммасы пайғамбарымыз с.ғ.у. заманынан бастап Жиһад сөзіне аса үлкен мән берген. Жиһад сөзі күш салу, табандылық көрсету, барлық ынты-шынтымен ұмтылу деген мағынаны білдіретін болса, оны құдайға құлшылық ету, Алланың әмірін орындау, әр адам өз нәпсісімен күресу майданына қарай бұратын болсақ, нақты жиһадтың сипаты көз алдымызға келе қалады. Әлбетте, батыстағы шайтани ордалар өзге елдерді басып алу мақсатында жиһадтың адам санасын улайтын, сиқырлап-жадылайтын мүлдем мағынасы өзгертілген көріністерін ойлап табуда. Мысал үшін айтсақ, соңғы бір жыл ішінде пайда болып, идеологиялық үлкен шайтани қаруға айналып бара жатқан «туристік жиһад», «жихад әл-никах». Туристік жихад атау сөзімен Сирия сияқты бөтен елге барып, түз тағыларын емес, нақтылы адамдарды жасы мен жынысына қарамай атып өлтіріп ібілістік рахат табуды айтса, некелік жиһад атау сөзімен әйел атаулыны азаматтық соғыс өтіп жатқан Сириядағы қан майданға өз еріктерімен сұранып барып, сырттан туристік жиһад ниетімен келгендерге талғаусыз, толассыз некеден тыс жыныстық қызмет көрсетіп рахаттандырып бейнеке жиһад жасауды айтады. Көріп отырғандарыңыздай, бұл жерде еш діни сенім салтанат құрып отырған жоқ. Ислам тұрғай, христиан да, иахуди де, буддист те, тіпті құдай жоқ деген коммунист-атеист те мұндай шайтани орталардан бастарын алып қашып, дереу қарасын батырулары тиіс.
Жиһад – өз нәпсіңмен күресу! Жиһад – Алланың ақиқи дінін орнықтыру жолында күресу! Жиһад – имани қоғам орнату жолында шариғат хұкімінен еш тысқарыға шықпай күресу! Жиһад – өз тұла бойың, өз әулетің, өз отаның шеңберінде күресу! Қазақ жастары жиһадты дұрыс түсіну үшін жиһадты дұрыс білетіндер ертелі-кеш тынбастан жиһад жасаулары қажет!
ЖЕБЕ: Салиқалы сұхбатыңыз үшін үлкен рахмет!
Сұхбаттасқан Тұмар АЛМАЛЫ.

"Жебе" газеті, 31 қазан 2013 жыл

фотолар azattyq.org сайтынан алынды

Просмотров: 844 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Қазан 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика