Бейсенбі, 02.05.2024, 20:34
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Шілде » 24 » Тенер орталығын құру туралы айтыла бастады.
13:00
Тенер орталығын құру туралы айтыла бастады.


Өткен жылы қаржы полициясы «мемлекеттік сатып алу – Қазақстандағы кеңінен жемқорлық жайлаған сала» екенін мәлімдеген болатын. Азаттықпен сөйлескен елдегі бірқатар кәсіпкерлер содан бері жағдайдың қиындай түскенін айтады.

ТЕНДЕРДЕН БАС ТАРТҚАН КӘСІПКЕР

Бес-алты жылдан бері құрылыс саласындағы мемлекеттік тендерлерге қатысып келген қарағандылық кәсіпкер Болат Елназар (өз өтініші бойынша аты өзгертілді – ред.) биыл оған қатысудан мүлдем бас тартып отыр. Әр тендер сайын «бөлінген ақшаға ортақтасқысы келетіндердің» көбейіп, шаруаны атқаруға кедергі болғанына шағымданған кәсіпкер енді тапсырысты мемлекеттен емес, жеке компаниялардан алуға көшкен.

- Мемлекеттік тендерде бөлінетін ақша түпкі мақсатына жетпейді. Беретін «откаты» бар. Бұрын 10 пайыз сұрайтын. Қазір – 15-20 пайыз. Одан кейін тексерістер келеді. Оларға беру керек. Одан кейін тағы біреу келеді. Әбден мазаны алып жіберді. Әйтеуір соңында жобаны несие алып бітіресің. Артынан қарасаң, түк те пайда түспеген. Ал егер құрылысты аяқтамасаң – не сотталасың, не бар мүлкіңнен айрыласың, - дейді кәсіпкер.
Көрнекі суретКөрнекі сурет

Мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлықтың өршіп бара жатқанын қоғамдық белсенділер мен депутаттар да жиі көтереді.

Маусым айында премьер-министрге арнайы хат жолдаған парламент депутаты Талғат Ерғалиев Қазақстан үкіметіне бұл саладағы жемқорлықтың күннен күнге ушығып бара жатқанын айтып, оны шешудің жолдарын ұсынған. Бұл салада жасалған қылмыстар саны, қолданылмаған бюджет көлеміне қатысты бірқатар көрсеткіштерді алға тартқан депутат «мінсіз репутациялы, жауапкершілігі мол» адамдардың жетекшілігімен «тендер өткізетін бірыңғай орталық» құруды ұсынған. Бұған қоса, байқау комиссиясының құрамына тәуелсіз адамдарды енгізуге шақырған.

Бірақ тендер өткізу саласындағы жемқорлық схемаларын жоюға Ерғалиев ұсынған «бірыңғай орталық құру» идеясы сеп болмайды деп санайтындар бар.

«ТӘУЕЛСІЗ ҚАДАЛАҒАУ ОРГАНЫ КЕРЕК»

Су құбырларын жөндеу мен салу саласында тендерлерге қатысып жүрген астаналық кәсіпкер, Қазақстанда туған Германия азаматы Андреас Зейвальд «тендер өткізетін орталық» құру ұсынысын сәтсіз идея деп санайды.  

- Ол парақорларды жинайтын орын десек те болады. Менің ойымша, мұнда мәселе тендерді қалай өткізуде болып отырған жоқ. Негізгі мәселе – істің орындалуын бақылау. Мәселе тендер бойынша жұмыстарды бақылайтын тәуелсіз қадағалау органының жоқтығында жатыр, - дейді Зейвальд.
Мәселе тендер бойынша жұмыстарды бақылайтын тәуелсіз қадағалау органының жоқтығында жатыр.

Андреас Зейвальд тек «премьер-министр немесе вице-премьерге бағынуы тиіс» мұндай тәуелсіз органға «тәжірибесі мол, адал, тендерге еш қатысы жоқ зейнет жасындағы адамдар» кіруі тиіс деп есептейді. Ол мұндай органның жұмысын Совет Одағы құлар тұста болған «мемлекеттік қабылдау» (1987-90 жылдары ашылған жұмыс сапасын қадағалаушы орган – «государственная приемка» - ред. ) ұйымының функциясына ұқсатады.

Қосымша: Қазақ кәсіпкерлерінің "пара беру тәжірибесі" туралы мақала оқыңыз

- Олардың әрбір ірі зауытта, кәсіпорындарда өкілдері болды. Олар зауыттың басшыларына тәуелді болған жоқ. Өнімнің сапасын, жоспардың орындалуын тексерді. Құрылуы тиіс тәуелсіз орган да тендер бойынша атқарылған жұмыс сапасын бақыласа, жемқорлықты тұтас болмаса да, сәл азайтуға болатын еді. Бізде кейбір мемлекеттік ұйымдар өткен жылдан бері конкурс өткізбей, барлық жұмыстарды өздерінің құрылымына бере салатын болып жүр. Өз-өздеріне ақша бөліп, өз-өздерін қадағалайды. Бар білгенін істеп жатыр, - деді ол.
ТЕНДЕР ДЕГЕН НЕ?

Тендер — қажетті тауар мен қызметті әділ бәсеке өткізу арқылы таңдап алу формасы. Тауар мен қызметтің шарттары алдын-ала жариялануы тиіс. Тендер жариялаушы орган барлық шартқа сәйкес болып шыққан жеңімпаз компаниямен келісім жасайды.

Қазақстаннан бөлек Батыс елдерінде де кәсіпкерлікпен айналысып жүрген бизнесмендер екі елдегі жүйені еріксіз салыстырады. Мысалы Зейвальд Германиядағы тендер өткізу жүйесінің ашықтығына тәнті.

- Германияда «смета» жабық емес. Ол тұтастай жарияланады. Өтініш берген адам неге өзінің көршісінен артық екенін түсіндіруі қажет. Біздегідей  «бағасын көбірек түсіріп, артынан ақша жетпеді деп жылау» (демпинг – ред.) жоқ. Ең көп дегенде 10-12 пайыз түсіргенін ғана көрдім. Оларда бірақ табыс көлемі де аздау. Бірнеше өтініш беріледі. Сосын мунипицалдық комиссия әрбір өтінішті қарастырып, өтініш иелерінің бұрын істеген жерлеріне хабарласып тексеріп көреді, - дейді ол.

Оның айтуынша, Германияда арнайы сарапшылар тобы тендер өткізу бойынша байқауға тек өз саласына маманданған кәсіпорындарды ғана жібереді. Яғни, «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейді.   

«САНАЛЫ ШЕНЕУНІКТЕР КЕЛМЕЙІНШЕ...»

Мемлекеттік тапсырыс пен тендер өткізу саласындағы жемқорлықты қадағалаушы ұйым емес, жаңаша ойлайтын шенеуніктер азайта алады деп сенетін кәсіпкерлер де бар.

Аты-жөнін атамауды өтінген қазақстандық кәсіпкер «билікке еліне жаны ашитын саналы шенеуніктер келмейінше жемқорлықтың батпағынан шыға алмаймыз» деп санайды. Ол әзірше «тек мөрі мен лицензиясы ғана бар» кәсіпорындардың тендерлерді ұтып алатынына куә болып жүргенін айтады.
Қазақстандағы құрылыс көрінісіҚазақстандағы құрылыс көрінісі

Оның сөзінше, кейбір құрылыс нысандарын салу тендері сол аймақтың климаттық және басқа ерекшеліктерін білмейтін басқа аймақтан байқауға қатысқан компанияға берілетін жағдайлар болады. Ол компания ақыр соңында жобаны жасай алмай сол өңірдің өзінен әлдеқайда аз қаржыға мердігер жалдап жатады.

Кәсіпкер Болат Елназар да «билік сатысындағы адамдар жаңармай», сана да, жүйе де сол күйінше қала береді деп есептейді.

- Менің ойымша, жоғарыдағылардың орнына таза, жас, ақшаға қатты құнықпаған адамдар келген кезде ғана үміт етуге болар, - дейді ол.

«ЖАППАЙ ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЛАҒАН ҚОҒАМ»

Халықаралық ұйымдар Қазақстан үкіметіне арнап мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлықты жою туралы түрлі семинарлар мен тренингтер ұйымдастырып келеді. Елдің қаржы министрлігіне бұл саладағы ашықтық пен тазалықты қамтамасыз ету туралы нақты ұсыныстар да түсіп жатады.

Азаттыққа сұхбат берген Transparency Kazakhstan ұйымының сарапшысы Сергей Злотников мұндай ұсыныстарды ешкімнің қажетсінбегенін айтады. Оның сөзінше, елді жаппай жүйелі жемқорлық жайлаған кезде бір саладағы жемқорлықты жою мүмкін емес.
Сергей Злотников, Transparency Kazakhstan ұйымының сарапшысы. Алматы, 6 қазан 2010 жыл.Сергей Злотников, Transparency Kazakhstan ұйымының сарапшысы. Алматы, 6 қазан 2010 жыл.

- Мен тіпті мұндай жағдайда не істеу керектігін де білмеймін. Қазақстанда басқа саладағы жемқорлық түбімен жойылмайынша, атқарушы билік халық арасынан сайланғандарға бағынбайынша, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі мен азаматтық қоғам дамымайынша ештеңе өнбейді. Қазір үкіметтік емес ұйымдардың өздері мемлекеттік тапсырыстарға қарап отыр. Бұл саланың өзін жемқорлық жайласа не дейсіз, - дейді Сергей Злотников.

Тендер өткізудегі жүйесіздіктер мен жемқорлыққа жол ашатын «ереже» түрлерін («баға бойынша жеңімпазды анықтау», «тапсырыс беруші мен орындаушының бір субъект болуы» т.б.) санамалаған сарапшы осы күйде Кеден Одағы аясындағы жағдай қалай болар екен деп алаңдайды.   

Шілденің 19-ы күні электрондық коммерция орталығы елде алаяқтық жасау арқылы тендер ұтып алмақ болған мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың «қара тізімі» жасалғанын хабарлады.

Ақпарат бойынша, 2013 жылы шілдеге дейін «қара тізімдегі» кәсіпкерлер саны 4408 жеткен. Олардың ең көбі – Астанада тіркелген. Мұндай қатысушылар алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізілетін байқауларға өтініш бере алмайды.

Бірақ мемлекеттік сатып алу саласындағы жемқорлықпен күрес тек «алаяқ кәсіпкерлерді» ғана қамтымайды. Ресми мәлімет бойынша соңғы 5 жылдың ішінде осы саладағы жемқорлыққа қатысты айыпталып сотталған жоғары лауазымды шенеуніктердің ғана саны 320-ға жеткен.

Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

Kmaqpal@gmail.com

1985 жылы дүниеге келген.
2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Дерек көз; Азаттық радиосы.
Просмотров: 836 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Шілде 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика