Дүйсенбі, 29.04.2024, 05:10
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Желтоқсан » 12 » Біздің балуандар – «Еуразия Барыстары»
22:20
Біздің балуандар – «Еуразия Барыстары»

Жарыстың мәні мен маңызы

Таразда тұңғыш рет қазақ күресінен «Еуразия барысы» турнирі мәреге жетті. Үш жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақстан барысының» аясы кеңіп, құрлықтан-құрлыққа, елден-елге құлаш ұруы тегін емес. Қараша айында Астана қаласында «Қазақ күресі: болашағы мен міндеттері» атты конференция өтті. Онда еліміздің Қазақ күресі федерациясының басшысы болып Арман Шораев сайланды. «Еуразия барысы» турнирін өткізу идеясы бұдан бұрын да Шораев бастаған азамат­тардың көкейінде жүрген болса, осы конференциядан кейін нақты байлауын тапты.

Жалпақ жұртқа сауын айтыла салысымен, «Еуразия барысына» қатысуға ниет білдіргендер көбейді. Бұл да – қазақ күресін әлемге жан-жақты таныстырып үлгерген азаматтардың еңбегі. Бұған дейін төл кү­ресімізден әлем біріншілігі 4 рет өткізілсе, онға жуық Азия чемпионаты ұйымдас­тырылды. Қазақ күресінің ережелері то­лықтай түсіндіріліп, маңызы мен мәні әлемдік күрес жанкүйерлеріне паш етілді. Шынын айтқанда, дәл қазір күллі дүниеде қазақ күресіндей насихаты өте зор күрес түрі жоқ. Сондықтан да «Қазақстан бары­сының» «Еуразия барысына» ұласуында зор сабақтастық жатыр.

Тұңғыш «Еуразия барысына» әлемнің 8 елінен команда шақырылды. Жамбыл облысының әкімдігі жарысты жаңа са­лынған, көп салалы «Тараз-Арена» спорт сарайында өткізуге ниет білдірді. Ұйым­дастыру шараларында қапы болған жоқ. Оны жарысқа қатысқан әр команда, әрбір спортшы да қуаттады. Ең бастысы, «Еуразия барысы» командалық сын ретінде жоспарланды. 60, 70, 80, 90 және аса ауыр салмақта әр елден 5 балуаннан қатысып, жеңгені алға жылжып отырды, жеңілгені жұбаныш белдесулеріне мүмкіндік алды. Яғни, алғашқы кездесуден-ақ жанарымен жер шұқып, еліне бос қайтқан команда жоқ. Тағы бір байқағанымыз, бұл турнирде әдіс өте көп жасалды, қазақ күресінің бар мүмкіндігі жарқырай көрінді. Жұрт арасында «қазақ күресі – ең бекзат өнер, балуандар тік тұрып айқасады, тізені жерге тигізбейді» делінген сөз көптен айтылып келе жатса, «Еуразия барысы» осы сөздің жаны бар екенін жан-жақты дәлелдеді. Бұл, сөз жоқ, ұйымдастырушы азаматтардың көрегендігі. Егер Еуразия құрлығынан тек алыптарды жинап, олимпиялық жүйемен жарыс өткізсе, дәл осындай көрнекті болмасы анық еді. Оның үстіне, басқаны қойып, Қазақстанның өз ішінде жанкүйерлер қазақ күресінен тек алып балуандарды ғана таниды. Өйткені, жергілікті жерлерде ұйымдас­тырылып жатқан жарыстар «Қазақстан барысы» немесе «Еуразия барысы» іспетті қалың жұртшылыққа тікелей эфир арқылы тарап жатқан жоқ. Нәтижеде жанкүйерлер жеңіл және орташа ауыр салмақтарда елі­мізде мықты балуандар бар екеніне көз жет­кізді. Бел шешіп күреске түскен сәтте сол азаматтардың туымызды жықпайты­нына, абыройымызды аспандататынына куә болды.

Мынадай бір деталь. «Еуразия барысы» «Қазақстан», «Қазспорт», «Боец» (Ресей) және «ТРТ Авази» (Түркия) арналары ар­қылы әлемнің 120 еліне тікелей көрсетілді. «ТРТ Авази» арнасы жарысты жартылай финалға дейін ғана көрсетуді жоспарлаған. Дегенмен түрік бауырлар эфирге жоспар­ланған басқа да қызықты бағдарламаларды шегере тұрып, «Еуразия барысын» толық көрсетіп шығыпты. Бұл нені аңғартады? Демек, «Еуразия барысы» ә дегеннен-ақ көздеген мақсатына жетті: ең көрнекті спорт түрінің бірі ретінде көрерменді үзіліссіз 6,5 сағат бойы экран алдында ұстай алды. Алдағы уақытта көрермен аудито­риясының кеңи түсетініне еш күмән жоқ.

Жарыс рухы

Әуелден-ақ Қазақстан және Моңғолия балуандары жарыстың талассыз көшбас­шылары ретінде қарастырылды. Турнир талабы бойынша, әр ел 5 салмақ дәрежесі бойынша негізгі және қосалқы құрам әкелуге құқылы болатын. Бірақ Қазақстан мен Иран құрамаларында ғана қосалқы құрам болды, басқа 6 ел тек негізгі балуандарын кілемге шығарды. Иран құрамасы соңғы жұбаныш кездесулерінде 90 келі салмақтағы балуанын ауыстырды. Демек, бұл да ойланатын іс.

Қосалқы құрам керек пе? Қазақстандық 5 балуанның артында тағы да «сен тұр, мен атайын» деген 5 жігіт кезегін күтіп тұрды. Олар кілемге шықпай қалған соң, жұрт арасында түрлі пікір кө­бейетіні де шындық. Бір есептен, қосалқы балуандардың келгені де жөн. Бірақ оларға мүмкіндік тек негізгі құрамдағы балуан жарақаттанып немесе сырқаттанып қалса ғана берілгені дұрыс секілді. Мысалы, қола жүлде үшін белдесуге Ресейдің аса ауыр салмақтағы балуаны Алексей Александров шыққан жоқ. Оның алдында Александров жарақат алды. Алмастыратын ешкім болмады. Тәжіктермен кездесуді осының салдарынан ресейліктер 0:1 есебімен ұтылып бастады.

Сөз басында айтып өткеніміздей, «Еуразия барысы» қазақ күресінің барша мүм­кіндігін паш ете алды. Ең ауыр салмақтағы балуандардың өзі тіресіп жүріп алмай, тамаша әдістер қолданып, бірін-бірі гүрс-гүрс жығып жатты. Байқағанымыз, белдесу­лердің шамамен 70 пайызы мерзімінен бұрын аяқталды. Яғни, бір қарсыластың екіншісін таза лақтырғанын, қазақы тілмен айтқанда, жауырынын жерге тигізгенін аңғардық. Тамаша көрсеткіш емес пе? Елді де, өзін де шаршатып, қарсыласының ескерту алуынан ғана жалғыз бүк әдісімен жеңген балуан болған жоқ.

Дегенмен турнирге қатысатын балуан­дарға әлі де қазақ күресінің ережелерін түсіндіре түскен жөн. Мысалы, «Еуразия барысына» қатысқан моңғол балуандарының дені – несібесін дзюдодан теріп жүргендер. 60 келіде күрескен Херлен Ганболд – әлемдік гран-прилердің бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Басқалары да кіл ығай-сығайлар. Осы балуандар көбінесе өздерінің кейбір әдістері неге есептелмей жатқанын түсінбей, наразылықтарын да білдірді. Фи­налдық кездесуде 80 келіде күрескен Төв­шинжарғал Ған отандасымыз Ерсін Мұха­меджановты таза жеңгеніне сенімді болды. Бірақ қайталап көру барысында Ған лақ­тырған сәтте қазақ балуанының әуелі кі­лемге жамбасы түскені көрінді. Сөйтіп, Ғанға «жамбас» ұпайы берілді. Екі балуан­ның ұпайы теңесіп, мәселе тік тұрып белдесуде шешілді. Мұнда Ерсін күмәнсіз лақтырды.

Осындай даулы сәттерде төрешілердің шешімталдығы қажет-ақ. Төрешілер кү­ресті тоқтатып қойып, Ғанның әдіс қол­данған сәтін бірнеше рет қайта көрді. «Боец» арнасының комментаторлары: «Қазақ бауырлар өздері қандай шешім қабылдарын білмей ойланып жатыр», – деп емеуріндеп өтті бұл сәтте. Демек, сөз өзі­мізге келеді. Әуелі бір шешім қабылданды ма, оны қырық құбылтудың қажеті шамалы. Жалпы, бүкіл турнир барысында дәл осы белдесу ғана түрлі эмоциялар тудырды. Әрине, тұңғыш рет өткізіліп жатқасын, мұндай олқы сәттер болмай қоймасы анық. Жұрт бірден төрешілерге қарайлайтындық­тан, алдағы уақытта ережелердің қатаңдана түсуін күтеміз.

90 келіде моңғолиялық қандасымыз Серік Бердімұрат пен Мұхит Тұрсынов тең күресті. Бірақ 5 минуттық «жан алып, жан беріскен» белдесуден кейін Мұхит Серікке жол берген болып шешілді. Бірақ Мұхит өзінің жол бергені туралы жалпы жұртқа жариялаған жоқ және қазақ күресінің қазіргі ережесі бойынша ондай шешім болатынын да бұған дейін естіген емеспіз. Демек, осы тұста да жұрттың санасына салмақ салмайтындай етіп, нәзік түсіндірілуге тиіс еді. Әріптестерімізге жарыстан кейін сұхбат берген С.Бердімұрат: «Маған Мұхиттың өзі жол бердім деп айтқан жоқ. Мен ұтсам, таза ұтқым келеді», – деп пікір білдіріпті. Бұл да ойланатын жағдай.

Қалай дегенде де, «Еуразия барысы» жұртты таңғалдырды, сүйсіндірді, бірден сүйікті жарысына айналды. Финалда кілемге шыққан 2012 жылғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев өзінен әлдеқайда биік және әлдеқайда ауыр (194 келі) Сұғар­жарғал Болдпуревті 2 минутқа жетер-жет­пес уақытта таза лақтырды. Сөйтіп, қазақ жан­күйерлерінің рухын асқақтатты. Қар­сылас­тарының барлығын таза ұтқан Абзал Арыстанбеков те, Ерлан Естек те, Ерсін Мұхамеджанов та, Мұхит Тұрсынов та қандай құрметімізге де лайық.

Күміс жүлде мен күміс тайқазан енші­леген Моңғолия құрамасы да тәнті етті. Финалға дейін бұл балуандар бет қаратқан жоқ. Осы беттен таймаса, Еуразия құр­лығында біздің жігіттерге моңғол ағайындар басты қарсылас болып қала беретін сияқты.

Ең бастысы, жарысқа қатысушылардың бәрі ұйымдастырушыларға зор алғыс біл­дірді. Қарсыластарынан ұтылып келе жат­қан түрік балуаны Өмер Фарук Өзбай бір рет бағы жанғанда қалай қуанғанын көр­сеңіз! Ал жарақаты бола тұра, тіпті белін жаза алмай тұрса да кілемге шыққан поляк Рафаль Марценкевичті айтыңыз! Турнир барысында Лукаш Балч (Польша), Дмитрий Михайлов және Артем Ковалевский (Ресей), Мехди Вазири (Иран), Йидеер (Қытай) сынды балуандар тамаша әдісқойлығымен жұрт есінде қалды. Ал жарыстың бас балуаны атанған Бейбіт Ыстыбаевқа әлемнің йокодзунасы, даңқты Асашюрю Акиноридің өзі жүлде табыс етті. Бұл да – сырт көз ал­дындағы біздің абыройымыз.

Қорыта айтқанда, «Еуразия барысы» аса жоғары деңгейде өтті. Түрік балуандары: «Сіздер өте сәтті ұйымдастырдыңыздар. Екі тараптағы алып көршілеріңіз – Ресей және Қытай балуандарын қазақ үйден жарысқа шығарғандарыңыздың да символикалық мәні бар», – деп ақтарылды. Келесі жылы желтоқсан айында «Еуразия барысын» біз жаңа сапада, жаңа деңгейде көретініміз күмән тудырмайды. Өйткені, осы идеяны өмірге әкелген Арман Шораев және қазақ күресінің дамуы үшін жарғақ құлағы жас­тыққа тимей жүрген азаматтар тәжірибе жинады, артық-кемді ескерді. «Еуразия барысы» да, «Қазақстан барысы» да жыл өткен сайын жұртшылықтың төл өнерімізге деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Осыған сенеміз.

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

dmk.kz

Просмотров: 776 | Добавил: Jakup | Теги: Барыстар, Бейбіт, қазақша күрес | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Желтоқсан 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика