АСТАНА.
7 қыркүйек 2013, 16:04. BNews.kzazh.kz -сайтының суреті2013 жылдың 7 қыркүйегінде
Ақмола және Қарағанды облыстарының аумағында киіктердің (ақбөкендердің)
бетпақдала популяциясының (алдын ала мәліметтер бойынша) 3000-ға жуық
басының қырылуы тіркелді. Олардың 1500-не жуығы Теңіз көлінің оңтүстік,
батыс және солтүстік жағалауларында табылды. Қырылған киіктер жазық
далада да кездесуде, деп хабарлайды ҚР ҚОҚМ-нің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінде шұғыл кеңес өткізілді. Қазір
ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы
комитетінің бағынысты қызметтерінің мамандары Биоқауіпсіздік
ғылыми-зерттеу институты және Қарағанды облыстық ветеринария қызметімен
бірлесе отырып, киіктердің қырылу аумақтарын тексеру, орын алған
оқиғаның ауқымын және себептерін анықтау шараларын жүргізіп жатыр.
Киіктердің жаппай қырылу себептерін
анықтау мақсатында Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы
Бағдат Азбаевтың басшылығындағы жұмыс тобы құрылды. Бұл топқа мүдделі
мемлекеттік органдардың (Қарағанды және Ақмола облыстық экология
департаменттері, ветеринарлық қызметтер, төтенше жағдайлар, ішкі істер
департаменттері және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі)
өкілдері тартылды.