Бейсенбі, 02.05.2024, 20:29
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Шілде » 25 » Бекболат тілеуханның жеке блогынан ғибрат.
11:22
Бекболат тілеуханның жеке блогынан ғибрат.

Айтайын дегенім...

Замана қарқыны алапат! Қырықтың қырқасына шыққан соң тіпті қарқындай түсе ме, әлде бәріне солай ма екен? Білмедім. Кеше ғана жұма намазда тұрған сияқты едім. Бүгін тағы жұма намазға бармаққа дайындалып жатырмын. Әне-міне дегенше бір апта, жоқ бір ай, тіпті бір жылыңыздың өзі зу ете түседі. Оны айтамыз-ау! Кеше ғана бала әнші, жас жырау атынып жүр едім, қапелімде қырықтың қақ ортасында қасқайыппыз (Тәйірі, мынауым «кемпір жар-жар десе, аяғы зар-зарға ұласадының» кері болып кетті ме? STOP!).

Айтайын дегенім ол емес. Айтпағым... «Адамзаттың үзеңгіні ойлап табуы – интеграцияның күшейіп, кеңи түсуіне себеп болыпты» (Тарихшылар айтады). Нәтижесінде күн түбіндегі жұрт жапа шегіпті. (Себебі бабаларымыз күңіреніп күн түбіне жортқанда, маңдайынан сипауға аттанды дейсіз бе?)

Сол секілді адамзат от қару ойлап тапты. Артынша атом бомбалары, зымырандар... қасірет шашқан әртүрлі уран өнімдері... Пайдасы бар. Бірақ зияны басым (меніңше, әрине). Сондай-ақ ақпарат кеңістігіндегі жаңалықтар. Соны технологиялар... қиялды қолыңа ұстатқан ғажайыптар. Пайдасы бар. Зияны ше?!. І-іммм... (Аллаһ қайырлы қылсын!)

Банкомат шықты. Кассир атауы архивке беттеді. Совхоздың директоры мен «Волганың» беделін 20-дағы пысықай бозбала мен шетелдік көлікке тартып алып берген замана ешкімнің көңіліне қарайын деп тұрған жоқ. Бейімделмеген бетімен лағып қиыр шекпек. Қалғып кеткені қаңғып қалмақ. Замананың осы сырын білген ХХ ғасыр басындағы Алаш аяулылары «Оян, қазақ!» деп жар салып бақты. Ойдағыдай оянбады. Аяғы... ашаршылық, репрессия, т.т. Жалпы, ХХ ғасырда қазақтай қасірет шеккен бірде-бір жер бетінде халық болған жоқ. (Тағы да таптаурын төскей, басқа бетке тепеңдеп жөнелдім STOP!).

Айтпағым ол емес еді. Айтпағым замана жайлы... Жаратушы айтты: «Заманды сөкпеңдер. Ол – МЕН!» (Хадис, яғни абсолюттік ақиқат). Блогшы дейтін жұрт шығыпты. «Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмеген» белсенді қауым көрінеді. Дені – жастар. Айтарлары болғаны да (әрине!). «Көкірегі сезімді, тілі орамдылары» бар (Ондайлары көп болса керек-ті). Айтаққа ерген албырттары да бар шығар (аз болғай, болмаса тіпті тамаша! Бірақ иттің боғы қылшықсыз болар дейсің бе? Түһ, тағы басқа жаққа бұрылып барам. STOP!) Айтайын дегенім ол емес! Айтпағым... сақалымды сипап, жастардың ортасына қарай аяңдағаным. Аса қамқор, ерекше мейірімді Аллаһтың атымен мен де бір блог аштым. Мен де ермек үшін емес. Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, Әлхамдулиллаһ! Керек етпесе, өз сөзім – өзімдікі, СубханАллаһ! (Абайға ұқсап жатырмын өзімше. «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген өзі ғой!)

Діттеген ойын жеткізгенше бірді айтып, бірге кететін көргені көп, түйгені біраз бір ағам бар еді. Басында информациясы көп болғандықтан болса керек, әңгімесін енді бітірді-ау дегеніңізде, «айтайын дегенім ол емес еді» деп, сөзін сабақтай береді. Енді осы қиыстырмасына (связка) бүгін қарап отырсам, керемет тәсіл ме деп қалдым. Айтайын дегенім ол емес еді. Айтпағым...

Блог дейтініңіздің өзі соны стиль, жадағай кейіпке бейім, көпшілікқолдылау (шир.потреб) неме сияқты көрінген соң өзімде жоқ мінезге ұрынып қалған сияқтымын. Айып болмасын. (Айып болған жағдайда «кәйтер» дейсіздер?!)  Айтайын дегенім ол емес. Айтпағым... депутат болған соң жолдаған сауал, айтқан гәптің барлығын блогқа қыстыра берсем бе екен, деп те ойлап отырмын... Әлде... Мәселе онда да емес.

Айтайын дегенім ол емес еді. Айтпағым... блог жайлы.

Мынауыңыз «рахат» қой! Айтарыңды айта бересің. Жауапкершілік жоқ. Ауыз өзіңдікі. Шеберлігің жетіп, көпті қамтысаң, қуандыруға  болады. Сондай-ақ, УЛАНДЫРУҒА да болады екен. Ливияны лепіртіп, Йеменді иесіз қалдырған, Египетті елдіктен бездерген, Тунисті түнекке бейімдеген,    Алжирді алжытқан айтаққа ерген ауыздар еді. Жауапкершілігі жоқ жауыздар еді.

Айтайын дегенім ол емес. Айтпағымның тоқетері «Әркімнің үстінде бір бақылаушы бар» (Құран, 86-сүре, 4-аят). Әмбе адам баласының екі иығында екі періште болады. Оң иығындағы жақсылығын, сол иығындағы періште күнәсін тізбек. Олар – блог жүргізетін біз емес, ауанына ерген. Олар – Жаратушының бұйрығынан басқаны білмейтін нәпсісіз періштелер. Жала да жаппайды. Жазбай да қалмайды. Әрбір сөз, әр қадамымыз үшін жауап бермекпіз. Себебі «Аллаһ адамды махшарда сұрау салатын қылып жаратқан». Менің сөзім емес. Абай атам айтқан. Абайдың даналығы – барша қазақтың мәмілелі тоқтамы. Пажалыстаңыз. Фәниде таңдау құқығы өзімізде. Бірақ «Бақи қоймас фәнидің шінін көрмей». Тағы да Абай атам айтқан!


Просмотров: 588 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Шілде 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика