Дүйсенбі, 29.04.2024, 03:18
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Желтоқсан » 19 » Барселона мұнары (хикая)
11:13
Барселона мұнары (хикая)

Автор 

Әлқисса, соншама даңқты ерлер ішінде маған ең жақыны Сары Алмаз болатын. Әлемдік мафия арасында олардың даңқы жер жаратын. Олар жеткен биікке жету қазіргі құртшабақтар үшін арман ғана екені аян.

Бұл жазбамды Сарыарқада маған сүйеу болған 

інім, жан досым, Алла берекесін бергір –
Заңғар Кәрімханға арнаймын!



Олар осынау қараңғы аспанның еркін көкжалдары еді. Олар өлімнен де, өмірден де қорықпайтын. Өйткені, ол жігіттер күннен де мейірлі, өлімнен де суық болатын. Алдымен Жаратушысына, одан кейін белдеріне қыстырған зілдей ауыр тапаншаларына сенетін.
Олар ұлттың өлімі мен тағдыры жайлы қатты ойланатын.
Олар тіпті, хан тағына да, хандар аулаған қызыл түлкіге де қызықпайтын...

***

Ол кезде біз жайлауда болатынбыз. Анамыздың өреге жайған құрттарына кезқұйрықтар үнемі шабуыл жасайтын. Күн ашық кездері анамның баққан он шақты шөжесіне де үнемі қауіп төніп тұратын. Алтай жаңбыры бірде сіберлеп, бірде сіркелеп жауып, Көктерек аспаны мұнарлы мұңға бой ұсынатын.
Сол шақта кенет күн күркірейтін. Қараша үйде от жағып отырған анамыз: «Субханалла!» – дейтін.
Бұл даңқты Алтайдың қаһарлы табиғатына деген біздің ауыл тұрғындарының тотемдік иланымы һәм «найзағай әке, жаңбыр ана себепсізден өлтіре қоймайды» деген аңғал сенімі болатын.
Төбемізден үрейлі қылыш жарқ ететін. Сол кезде біз қорқыныш құшағында анамыздың отын кіргізіп жүріп су болған етегіне тығылатынбыз.
Таудың қара бұлты аузын көпіршіткен шудалы қара бурадай қаһарымен төніп келіп, нөсерін ұйтқыта төккен шақтарда түндікті тіреуішпен шошайта тіреп қойып, қарағай бұтағы мен ақсөңке аршаны маздата жағушы еді жайлаудағы жұрт.
Құлындарын бауырына қымтай түсіп, нөсер тамшылары сорғалаған түндікке көңілсіз көз салған анамыз сәби бауырларымды ұйықтатып жататын. Мен жамау-жамау жабағы көрпені жамылып, түтіні бықсыған ошақты үрлейтінмін.
– Анашым, ала бұзауымды үйге кіргізіп алайыншы, егіздің сыңары еді ғой, – деп өксік пен қорқыныш аралас үн қаттым.
Анам көнбеді.
– Өздерің сыймай жатқан қараша үйге хайуанды тықпалап қайтесің? Мал баласы онсыз да жауыннан өлмейді...
Жаным ашитын жалғыз жұбанышым еді ол бұзау... Өйткені, біздің Көктерек қыстағының салтында сиыр егіз туса, біреуін міндетті түрде бауыздап тастайтын.
Тозығы жеткен сары шақайымды отқа қақтап қойып, өзі мұңлы жүзбен бықсыған түтіннен көз алмай ұзақ қарап отырды. Оның уайымы көп еді. Жалғыз сиырымыз селден өте алмай арғы бетте біздің жауын өткен сүркейлі үйімізге қарап мөңіреп тұратын. Жиен атаның түйесі жартастан құлап өлгеніне де көп болмаған. Таудағы жараланған адамдарды емдеп, қансыраған жаралыларды, кешігіп барып босандыра алмай қалған сәбилер өлімін көре беріп, жүйкесі жұқарған әкем кейде ішіп келетін.
Көз жасын көрсетпей, мені бауырына баса жатып, сыртта бір деммен сатырлап жауған нөсер дауысын естіп көзіне жас алатын. Денесінде қи мен батылдықтың, тезек пен қаптың шірік иісі аңқыған анамнан өзге ешкімді пана тұтпайтынмын.
Мені құшағына баса жатып, батырлардың даңқы жайында ұзын-сонар ертегі айтып беретін еді.
– Қорықпаңдар, – дейтін, – күн жауа береді. Найзағай түсе береді. Әкелерің ішпей, аман келсе болды...
Сүт иісі аңқыған екі қарындасым мен інім алаңсыз ұйқыда жататын (Сол кезде есейіп қалған мен көп нәрсеге сене бермейтінмін. Босағада сүйеулі тұрған, жаңбыр тамшыларынан жүзіне енді ғана тат жұға бастаған үлкен балтаға қарап үнсіз ой кешетінмін...)

***

Сол менің мейірімді Анам, момақан Анам Алтай жайлы қаншама хикаяларды біледі? Солар жайлы қаншама аңыз айтып берді?
Алтай орманын шапқан жабайы сауытты батырлар жайлы.
Ормандағы Ана – Ақ қасқыр жайлы.
Ақ қасқырды емген жалаңаш сәби жайлы.
Шығыстан ауған Қағандар жайлы.
Мөде қағанның өзінің жорыққа мінер текті тұлпарын неге атқаны жайлы.
Генорияны сүйген Еділ қаған жайлы.
Албырт ханзада, сезімтал інісі Паристің махаббаты үшін жекпе-жекте сынық найзасын құшақтап өлген ағасы Нектор жайлы...
– Соларға ұқсамасаң тумағыр! – деді анам сол күні түндікті жауып келіп. Өйткені ол кезде Алтайдың нөсері басталған әрі әкем толғатқан әйелді аман босандырып, аздап шарап ішіп келген еді....
Ол аз болғандай Елубай ағамның баққан шөжелерін кезқұйрық алып кете беретін сондай бір беймазалық, ыстық шақ еді...
Ол тауға – Жігербай асуына өрмелемегелі, саусағымыз қанап жартастан сарымсақ термегелі қанша жыл өтіп кетті?
Саусақ демекші, соны бүгіп санайықшы, бір, екі, үш, төрт.... он үш жыл!
Ұзап кетіпті ғой. Иә, ұзап кетіпті.
Осы шағын жазбамды аяқтай салайын деген-ақ едім шынында. Кешіріңіздер, ұлы мәртебелі оқырмандарым!...
Есіме түсе беретін тағы сол анам ғой. Ол кісі жиырма бес мың шақырымды шөп шақаймен басып, жолай кездескен әр қыстақ сайын әйел алып, ұзын санын жүз тоқсан тоғыз тоқалға жеткізген Мау Зыдұң жолдас жайлы жақ кірісін ашқысы келмегенімен, тобырлар жамандай беретін Адольф Гитлер жөнінде пікірі теріс емес еді. Өйткені, ол өз ұлдарын ғана емес, жалпы қазақ ұлтының әрбір жас өскінін даланы сүюге үндейтін. Тіпті, маған, қора қиын тазалауға жәрдемге келген Боқидың Әділіне дейін шай үстінде шағын әңгімелер айта отыратын. Өзі көп тоқымағанымен, мынау Ұлы Даланың бастан өткерген барлық қасіреттеріне, аңыздарына қанық болатын.
Бейбарыс сұлтан, Ясукей бабамыз жайлы, тіпті кешегі өткен Ақбоз атты Сүлеймен мен Оспан батыр жайлы хикаяларды ұзағынан баяндайтын. Дегенмен, оның бәрі өткен заманның баһадүрлері ғой...

* * *

Әлқисса, соншама даңқты ерлер ішінде маған ең жақыны Сары Алмаз болатын. Әлемдік мафия арасында олардың даңқы жер жаратын. Олар жеткен биікке жету қазіргі құртшабақтар үшін арман ғана екені аян.
Дегенмен, Алматы қаласына жақын Ұзынағаш ауылындағы қара көлде жүз қаралы қытайды тірідей көмдірген, сол арқылы Гоголь көшесіндегі Қытай банкының салынуына рұқсат бермей, Қытай ықпалының Қазақ еліне кіруіне он екі жыл бойы тосқауыл жасаған, сол үрейлі ерлігінің арқасында қытай бандиттері үстемдігіндегі әлемде даңқы бар Фу Дұң фортты аймағының қара базарын үш жыл бойы билеген, Ақтаудағы әділетшіл, ұлы Адайлар түрмесіне өзі де қамалып, сол қаратүнек түрмеге ондаған телевизор және бостандық заңын енгізіп берген, мен сүйетін Сары Алмаз қазір жер қойнында.
Тірі кекзінде өзі сияқты атан азаматтарды атқа қондырып, жұдырықтай жұмылып, Алматыны қорлау мен тоздыруға бастаған қылмыстық топтардан, шешен мен күрдтерден тазалады. «Иттің иесі болса, Қасқырдың Құдайы бар» деген қағиданы ұстанды. Мынау ұлы даланың да иесі бар екенін, Қазақ ұлтының ар-намысы бәрінен де қастерлі екенінескертті.
Ол 1998 жылдың 31 наурызда мұсылман уақытымен таң намазы – 07:31 минутта бұқалар елі деп аталатын Испанияның Барселона шаһарындағы өзінің жеке мұнарлы мекенінде аспазының қолынан жазымға ұшырады.
Сыртта күзетте тұрған, қара көзілдірік киіп, қолдарына осы заманғы, бір демде 56 оқ бүркетін оқтаулы шағын автомат ұстаған, әскери дайындақтан әбден өткен сербиялық 47 күзетші ол кезде есек терісін илеп, немесе айран ішіп отырған сыңайлы....
Оның өлімі тапсырыспен орындалды.
Өйткені Ол Орта Азиядағы ең кәрі, ең ғаріп, ең қатыгез диктатордың айырылмай отырған Тағын бір жылға сұрапты. Сорлы күйге түсіп, ділін, адамдығын ұмытқан елді оңау үшін. Бірақ, билеуші көнбепті деген қауесет те бар...
Одан бері 5437 күн өтіпті. Ол өлген күнді еске алып жыл сайын аза тұтамын. Құрбан шаламын. Оның рухы қалқып жүрген Алматы шаһарына жолым түскен сайын бір түрлі көңілсіздік билейді мені. Мұнарлы Барселона қаласынан оның сүйегін жеткізген соң жерлеу салтына әлемдік даңқты бандиттік ұйымдардың жүз елуден астам көшбасшысы келіп қатысыпты. Сол кезде қоғамдық тәртіпті берік қадағалап жүрген құқық қорғау қызметкерлерінің басшылары сол атамандармен бірге суретке түсіп мәз болысыпты...
Шаһит кешкен бұл батырлар – Ұлы Қазақия жауларының туын жыққан, өз елінің айбарын асыл азаматтар еді. Олар қанжарын қолына, намысын басына ұстаған нағыз көкжалдар!
Мен оларды соншама сүйемін!
Атып кетсе де!
Алланың Сәруәрі, Ұлы Пайғамбарым Мұхаммед Ғалайки Уассаламға тағзым! Ұзақ ғасырлар бойы бөрібас туы асқақ желбіреген Ұлы Қазақ Рухының тақта айбат шеккен қағанынан, найза ұстаған батырына дейін, арын қымтап ұстаған қызынан, жалаң қылышын басына жастап өлім құшқан жас сарбазына дейін, тіпті, кеше отыз екі жасында Алматыға келіп, қайғылы қастандыққа жолыққан, рухыңнан айналайын қаһарлы Мұстафа Өзтүріктің, Барселона шаһарында отыз жеті жасында Қазақ деп өлген Сары Алмаздың – атақты Несіпбай Нәсеновтың, Заманбек Нұрқаділұлы мен Алтынбек Сәрсенбай сынды және басқа да барлық асыл текті, даңқты ерлердің рухтарына бағыш еттім бұл жазбамды!
Сендердей қыран мінез, көкжал қанды ағалардың соңынан қаптай өсіп, ұлы даланың әр түкпірінде, әр үйде, әр бесікте, әр жас ананың құшағында ұлдар мен қыздар өсіп келеді.
Киелі қара топырақ бәрін де көтере алады, өйткені...

20.11.2013.


Ұларбек Дәлейұлы


Просмотров: 854 | Добавил: Jakup | Теги: алмаз, батыр, рзкет | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Желтоқсан 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
      1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика