Жұма, 03.05.2024, 02:24
Ассалаумағалейкум!Қош келдіңіздер! Қонақ | RSS

БӘРІҢКЕЛ...

Кіші-чат
200
Біздің сұрақ
"Қазақ елі" атауы
Барлық жауаптар: 111

Главная » 2013 » Шілде » 28 » АНТИТҮРКІЛІК САЯСАТТЫҢ БАСЫНДА РЕСЕЙ ТҰР
13:13
АНТИТҮРКІЛІК САЯСАТТЫҢ БАСЫНДА РЕСЕЙ ТҰР



Жақында   hurriyyet.net сайтында  әзербайжандық сарапшы  Әнуар Бөрісойдың  «Мәскеудің  Әзербайжанға қарсы әскери жоспары» атты  мақаласы жарық көрген-ді.  Бір қарағанда  өзара қырғи қабақ болып жүрген  ұлтшыл  саясаткерлердің әдеттегі әңгімесіне ұқсайды  бұл мақала.  Алайда, сарапшы Ресей  билігінің  түркі тектес халықтарға жасап жатқан қысымын  ашық айтыпты. Әсіресе, Кавказ өңірін мекен ететін түрлі этностарды антитүркілік әрекеттерге итермелеп отырғандығын жазыпты.  Ресейліктер бұл бағытта  лезгин, авар, даргин сынды  халықтарды  көбірек айтақтайтын болса керек.  Сөйтіп,  солардың  қолымен Кавказдағы түркі  халықтарына қысым жасауды  жалғастыра бермек.

Әнуар Бөрісойдың айтына қарағанда  қазір   Ресейдегі  федералдық лезгин  ұлттық-мәдени  автономиясы қатты  белсеніп тұрғанға ұқсайды. Өйткені,  бұл мәдени автономия  2012 жылдың  3 желтоқсанында  «БҰҰ –ында өкілеттіліктері жоқ  ұлттар мен халықтардың  ұйымына»  мүше болып  кіргеннен кейін бір жағынан  Еуропа  одағы мен Еуропа кеңесі,  екінші жағынан Ресей, Армения мен Иранның  қуатты қолдауының нәтижесінде «Кавказ  саясатында  түркілерге жол берілмесін» деген  доктринаны  жүзеге асыра бастаған. «Өйткені, Әзербайжан, Құмық,  Ноғай, Қарашай, Балқар, Түркімен және Ахысқа (Месхед) түріктерінің жалпы саны Кавказда өмір сүретін өзге  халықтардың санынан әлдеқайда артық  болуы,  Ресейдің Кавказды  жаулап алуынан бұрын  мыңдаған жыл бойы бұл өңірде қалыптасқан саяси, географиялық және мәдени, экономикалық процестердің  негізінде түркілік сипаттың  басым  болуы   және өңірде бұл ерекшеліктің  қайтадан  қалпына келе бастауы әлемнің антитүркі  орталықтарының мазасын қашырып отыр» -дейді Әнуар Бөрісой. Содан  да болса керек,  антитүркілік  орталықтар  саны аз этностарды түркі халықтарына   қарсы  пайдаланатын әлеуметтік  күш ретінде  қолданып отырған  көрінеді.
Рас,  бұл пікір әзербайжандық саясаттанушының көңілге түйгендері. Сарапшы  Кавказдағы жағдайды мысал ретінде келтіріп отыр. Өйткені,  қазір Кавказда Әзербайжан мемлекетінің саясатына қарсы топтардың қарасы  көбейіп кетті. Ресей  Әзербайжанға ықпал етудің бір тәсілі ретінде  түрлі этникалық топтарды пайдаланып бағуда. Бірақ, Кавказдағы түрлі  ұлт пен ұлыстарды империялық «бөліп ал да, билей бер» саясаты үшін   қолдану тек әзербайжан-лезгин,  әзербайжан-авар,  әзербайжан-даргин  мәселелерімен ғана шектелмейді. Ресей  бүгінгі таңда  Кавказдағы қарашай, балқар,  ноғай,  құмық  сынды түркі тектес халықтарға қарсы  шешен, осетин,  ингуш, даргин, авар,  лезгин сынды өзге этностарды айдап салуда. Жыл басынан бері құмықтардың  бір жетекшісі өлтірілсе, тағы бір ақсақалы соққыға  жығылды.  Құмықтың да,  ноғайдың да  өздерінің  байырғы мекендерінде  автономиялық статус беруді сұраған өтініштерін В.Путин  билігі тыңдап  отырған жоқ.  Тіпті, тыңдамақ түгілі  Ресей Федерациясының  құрамындағы  ұлттық республикаларды  жою саясатын  да жүргізіп жатыр.  Қазір Ресейде «Қазан универсиадасынан кейін Татарстаннан  республика статусы алынып тасталады екен»  деген  алып-қашпа әңгіме өрбіп кетті.  Мұндай мәселенің бар екендігін  2013 жылдың 13 ақпанында Ресей  Федерация  кеңесінің  спикері Валентина  Матвиенко айтқан. Ол Татарстан  мемлекеттік кеңесі депутаттарымен кездесуі кезінде  Ресей Федерациясында 83 субьектінің болуы көптік ететіндігін тілге тиек еткен-ді. Демек,  ұлттық республикаларды жою Ресей үшін  маңызды шаруа  болып тұр.  Ең  өкініштісі Ресей билігі бірінші кезекте  түркі  халықтарының  ұлттық республикаларын жоюды көздеп отырған сыңайлы. Өйткені,  қазір Ресейде өздерінің  құқықтарын қорғап,  ұлттық рухты ояту жолында белсеніп  жүргендер көбіне  түркі халықтарының арасында жиі кездесуде. Ұлттық мүддені  бірінші орынға қоятын  қозғалыстар тек татар, башқұрт,  тыва, саха   халықтарында ғана бар. Ал, Кавказ жақтағы  түркі  халықтарының  көбі қазір Ресей билігінің айтағына ерген  көрші этностармен қырғи қабақ күй кешуде.  Демек, Ресей ең алдымен  ассимлияцияға ұшырамау үшін жанталасып жатқан ұлттардың республикаларын жоюды көздейтіні анық. Сағын сындыру үшін. Қалғандары онсыз да орыстанып бара жатыр.
Жалпы,  антиүркілік  әрекеттер тек Ресейде ғана емес,  әлемде өршіп бара жатқан жайы бар соңғы кездері.  Шамасы,  өз заманында  төрткүл дүниені ат тұяғымен  дүбірлеткен  түркі халықтарының ауызбірлігі жарасып,  қайтадан  үлкен күшке айналуынан қауіптенетіндер көп  болса керек қазір. Бірқатар мемлекеттер үшін  қауіпті саналатын топтар да түркі тектес халықтар. Қытай үшін ұйғырлар,  Иран  үшін әзербайжандар, қалаждар,  Ирак үшін түркімендер қауіпті саналады. Ұйғырдың азаттық аңсап жүргенін әлем біледі. Ирандағы әзербайжандар «БҰҰ –ында өкілеттіліктері жоқ  ұлттар мен халықтардың  ұйымына»   мүше болып кірген, Ирактағы түркімендер сол елдегі шийттер үшін де, Түркияны жау санап жүрген күрдтер үшін де қауіпті.  Бұлардан бөлек Молдова елінде түркі гагауздар азаттық сұрап жүр. Укаринада қырым татарлары бар.  Ресейде тіптен көп  түркі жұрты. Демек,  бірқатар алпауыт елдер үшін №1  «сенімсіз халық» түркі халықтары деген сөз. Бәлкім, содан да болар антитүркілік  әрекеттер күшейіп келеді. Қызығы антитүркілік саясатта белсенділік танытып жүргендер ірі халықаралық мәселелерде көбіне одақтас  болып келетіндер екен. Мәселен, Сирия мәселесінде Ресей, Қытай, Иран үшеуі бір-бірін қолдап келеді.  Бұл үштіктің «достығы»  көптен бері бар. Олар Косово мәселесінде де ортақ пікір ұстанған, пікірлес болған. Ливия, Тунис, Ирак мәселесінде де ортақ пікірде еді. Бірақ, көбіне сес көрсетіп қоюмен ғана шектеліп келеді бұлар. Алайда, «үш достың» де ішінде  түркі халықтары бар. Үшеуіне де түркі халықтары түрлі талаптар қойып келеді. Демек, антитүркілік саясаттың көшбасшысы осы үшеуі болып отыр. Ал, қалған Украина, Молдова сынды елдер  тек  «қолбала» ғана. Дегенмен, антитүркілік саясатта  Ресей бастаған топты жасырын түрде қолдайтындар да аз емес. Әсіресе, Еуропа елдері бұл істе тәуір белсеніп тұр. Соның ішінде Германияның рөлі ерекше. Шамасы, немістер Түркия бастаған  түркі мемлекеттерінің  күшейе түскенін қаламайтын сияқты. Түркияның  көптеген мега-жобаларды қолға алып, Еуропадағы  көшбасшы ел Германиямен бәсекелес болғанын Ангела Меркель   үкіметі қайдан  құп көрсін. Оның үстіне неміс жеріне барып орнығып алған түріктер де Германия үшін «сенімсіз топ». Сондықтан,  Еуропа одағына сөзі өтіп тұрған Германия  барынша антитүркілік саясат ұстанады. Алайда, онысын жасырып бағады. Ал, антитүркілік саясатын жасырмайтындар сөз басында айтқан үш ел. Әсіресе, бұл істе Ресей белсеніп тұр.
Негізі Ресейдің антитүркілік саясаты бірден көзге түсіп қала береді. Бұл елдің басшылары «Кеңес одағын»  қалпына келтіруді армандап жүргендігі айдай әлемге ақиқат. Алайда, Кедендік одақтан басталған  бірқатар интеграциялық процестерге қосылғысы келмейтіндер көп. Одақтас болып есептелсе де Қазақстан  соңғы кездері Ресейге ұнамайтын әрекет жасап жүр. Нұрсұлтан Назарбаевтың  түркі халықтарының бірлігі туралы Түркияда айтқан айтулы сөзі. Көптеген инвестициялық  жобаларға Қытайдың, Үндістанның  компанияларын тарту, мұнай мен газ айдау құбырларын шығысқа  қарай тартуы, Байқоңыр мен әскери  полигондар мәселесінде  қазақстандықтардың арасында наразылықтың өршуі, ұлтшыл-патриоттардың атниресейлік  ұрандарды жиі көтеруі, қысқасы көптеген мәселелер Ресейдің мүддесіне қайшы келіп жатыр. Оның үстіне Ресей бастаған кейбір одақтарға Өзбекстан, Әзербайжан, Түркіменстан сынды түркі  мемлекеттері енгісі жоқ. Қырғызстанның кіруінен пайдадан гөрі, қатер  басым. Одан  бөлек  соңғы кездері түркі  бірлігі мәселесі жиі көтеріліп жатыр.   Ресейдің мысық тілеулі саясаткерлері аңсағандай Орта Азияда Өзбекстан мен Қазақстан бір-бірінің жағасынан алмады. Керісінше қарым-қатынастар  жасқара түсті. Екі ел стратегиялық әріптес болды. Өңірдегі түрлі  ұлтшыл топтар Ресейдегі түркі ұлтшылдарын қолдай бастады. Ортақ ақпараттық кеңістік қалыптасып келе жатыр.  Сөз жоқ, мұның бәрі Ресейге ұнап отырған жоқ. Сол себепті антитүркілік саясатын белсенді жүргізіп жатыр. Өкінішке  қарай, бұл саясат өзінің жемісін  беріп жатыр аздап болса да. Мәселен, Ресейдегі татар мен башқұрт  ұлтшылдарының арасында ауызбіршілік жоқ. Кавказдағы түркі халықтары орталық биліктің қитұрқы саясатын ұмытып, жергілікті биліктің әрекеттеріне наразы. Құмық, қарашай,  балқар сынды  Кавказ төңірегін мекен ететін  түркі халықтарының күресі әлеуметтік-тұрмыстық сипатта қалып қойған жайы бар. Өйткені, Ресей билігі  бұл өңірде  қалыптасқан әлеуметтік мәселелерді шешуге құлшынып отырған  жоқ. Құмықтың, ноғайдың, балқардың,  қарашайдың, шеркештің  байырғы мекеніне  тау халықтарын- аварларды, даргиндерді,  шешендер мен осетиндерді қоныстандырып жатыр. Сөйтіп,  осы халықтардың бір-бірімен өштесіп,  орталық биліктің саясатына назар аудармауына  жағдай жасады. Тіпті, Ресей билігі қолына қару алуын қоймайтын шешендерден сескенгені сонша қазір Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа шексіз билік беріп қойған сыңайлы. Қадыровтың «Шешенстан шешендердікі. Ресей барлығынікі. Өздерің жеке республика құрып алыңдар да,  көшіп келетіндерді сонда орналастыра беріңдер» деуі соның айғағы. Яғни, Кавказда өмір сүріп жатқан халықтардың ішінде атажұртынан ығыстырылып жатқандар түркі халықтары. Бұл да антитүркілік саясаттың көрінісі.
Сөз басында айтқанымыздай  әзербайжандық сарапшы Әнуар Бөрісой  антитүркілік саясаттың Әзербайжан еліне  қарсы жасалып жатқандығын  да айтыпты. Біз сәл кеңітіп күллі түркі халықтары туралы аз-кем  толғандық. Дегенмен, Әнуар Бөрісой  Ресейдің  Кавказ өңіріндегі саясатын жіктеп-жіліктей келе орыс  билігінің бірқатар мәселеден қорқатынын алға тартады.
Біріншіден, Ресей  билігі Кавказда немесе «Оңтүстік Ресейде» өмір сүретін халықтардың  арасында  радикалды  діни көзқарастардың кең тарай бастауынан, екінші  Оңтүстік Ресей халықтары арасында  пантүркизм  идеясының күшеюінен, үшінші  шеркештердің арасында  ұлтшылдықтың тереңдей түсуінен,  бұл этностардың «Ұлы Шеркешия»  идеясы төңірегінде  бірігуінен, 1761-1864 жылдар аралығында болған Кавказ соғысында Ресей жасаған шеркеш геноцидін Мәскеудің мойындауға мәжбүр болуынан,
төртінші, 2014 жылы өтетін Сочи  олимпиадасын банкроттыққа ұшыратылуынан, бесінші АҚШ, Сауд Арабиясы, Түркия, Ұлыбритания, Израиль, Гүржістан және Әзербайжан  елдерінің  Солтүстік Кавказдағы процестерге  жасырын  түрде тереңірек ене түсуінен қауіптенетін көрінеді. Сол себепті «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кебімен әртүрлі саясат жүргізіп жатыр.  Ислам дініне қарсы  саясат ұстанбақ болса  Кавказда қазірдің өзінде радикалданып үлгерген  топтардан сескенеді. Сондықтан, ең қолайлысы антитүркілік  бағыт деп тапқан сыңайлы. Әйтеуір, түркі  халықтарының мүддесін аяқ асты етіп,  жауынгер жұрттың бастарының бірікпеуіне  барынша әсер етіп жатыр.  Өзбекстандық академик Р.Абдуллаевтың бауырлас халықтардың арасына  іріткі салатын мақаласын, тараздық Е.Тайчибековтың  «Ресейге  қосылайық» деген ұранын ресейліктердің түбі бір түркі жұртының арасына іріткі салу үшін ұйымдастырған жымысқы іс-әрекеттері  ретінде де бағалауға  болады. Яғни, Ресей антитүркілік саясатын тек  Кавказда ғана  жүргізіп отырған жоқ, Орта Азияға да сөзін өткізгісі келеді. Тек Орта Азия елдерінің барлығы тәуелсіз болған соң,  ағайын халықтардың арандатуға түсу ықтималдығы төмен болған соң  амалсыз  көнген сыңай танытады. Әйтпесе, антитүркілік  саясаттың көшбасында Ресей тұр.

Ардагелді САЯСИ
«Жебе» газеті, 25 шілде 2013 жыл

Просмотров: 558 | Добавил: Jakup | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Іздеу
Күнтізбе
«  Шілде 2013  »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031
-->

Copyright MyCorp © 2024
Используются технологии uCozЯндекс.Метрика